Байсуфинов: Жоспардағыдай ойын көрсете алмадық

Ұлттық құраманың жолы болмады. Футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу жалғасып жатыр, деп мәлімдеді «Хабар24».

Бұл жолы қазақстандық команда өз алаңында Финляндия құрамасын қабылдаған. Матч 0:2 есебмен аяқталды. Қос голды да Теему Пукки соқты. Алдымен 45-минутта мергендігімен көзге түссе, екінші тайм басында есепті еселеді.

Айта кетейік, бірер күн бұрын дәл осы «Астана Аренада» Қазақстан Босния және Герцоговина жігіттерімен жолығып, дәл осындай көрсеткішпен жеңіліп қалған. Нәтижесінде жерлестеріміз 7 ойыннан кейін 3 ұпай жинап, өз тобының соңғы сатысына жайғасты. Ал Финляндия соңғы жеңісінің арқасында 3-сатыға көтерілді және топтан шығуға мүмкіндігі бар. Енді Қазақстан іріктеу кезеңі аясында ең соңғы матчын сырт алаңда өткізеді. 14 қараша күні Франция аяқдопшыларымен кездеседі.

Талғат Байсуфинов, Ұлттық құраманың бас бапкері:

– Ойыншыларымыз кейде бір-бірін түсінбей жатты. Жалпы жоспардағыдай ойын көрсете алмадық. Жаттығу барысында әр сәтті, әр мүмкіндікті қарастырдық. Футболшылармен сөйлестік.

Бірақ соңғы 2 ойында жолымыз болмады. Енді алдағы матчқа дайындаламыз. Франция мықты қарсылас екені белгілі. Оның үстіне ұлттық құрамадағы Зайнутдинов пен Вороговский алаңға шықпайды. Қалған жігіттер намысқа тырысып, жақсы ойын өрнегін көрсетеді деген үміттемін.

Әлем чемпионатында топ жарды

Руфина Шалқарова – әлем чемпионы. Сауд Арабиясының Джидда қаласында ауыр атлетикадан дүниежүзілік дода өтіп жатыр. Жасөспірімдер арасындағы бәсекеге 2 спортшымыз аттанған еді. Соның бірі Руфина Шалқарова жарыс алаңына шықты. Аса ауыр салмақта сынға түскен жерлесіміз жұлқа көтеруде – 107, ал серпе көтеруде 140 келіні бағындырды.

Яғни қоссайыс қорытындысы бойынша 247 келіні еңсерді. Джиддадағы доданың күміс жүлдесін бразилиялық, ал қоланы түркиялық спортшы иеленді.

Айта кетейік, күні кеше тағы бір қазақстандық Рахат Бекболат та топ жарды. 102 келіге дейінгілер арасында өнер көрсеткен Рахат қоссайыс қорытындысы бойынша 355 келіні көтеріп, жасөспірімдер арасында екі дүркін әлем чемпионы атанды.