Әлем чемпионаты: Милад Карими көпсайыстан финалға қатыспайды

Спорттық гимнастикадан Жапонияның Китакюсю қаласында әлем чемпионаты жалғасып жатыр.

Кеше көпсайыстан финалға шыққан Милад Каримиге қатысты бапкерлер мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Olympic.kz.

Милад Карими көпсайыстан іріктеу кезеңінде 80,706 ұпай жинап, 16-орынмн финалға жолдама алған болатын. Сондай-ақ ол гимнастикалық кермедегі жаттығуда – үшінші, еркін жаттығуда төртінші орынмен ақтық сынға өткен.

Қазақстан командасының бапкерлері кеңесі ақылдаса келе Миладты көпсайыстағы финалға қатыстырмау туралы шешім қабылдады.

«Милад Каримидің көпсайыстағы көрсеткішін, әлсіз және мықты тұстарын сараптай келе, оны финалға қатыстырмаған дұрыс деп отырмыз. Қалған екі жаттығу бойынша финалдық кезеңге бар күшін салу үшін осындай ұйғарымға келдік», – дейді бас бапкер Александр Ким.

Айта кетелік, финалдық кезең 22 қазанда басталады. Каримиден бөлек, гимнастикалық ат снарядында Нариман Курбанов та өнер көрсетеді.