Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына 100 күн қалды

Тура 100 күннен кейін Бейжіңде қысқы Олимпиада ойындары басталады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, дүбірлі доданы өткізуге бәрі тас түйін дайын. Байрақты бәсекені барынша қауіпсіз өткізу үшін сақтық шаралары да мейлінше қолға алыныпты. 

Тура 100 күннен кейін Бейжіңде Қысқы Олимпиада ойындарының алауы тұтанады. Дүбірлі дода 4 ақпанда басталып, 16 күнге созылады. Осы уақыт аралығында әлемнің кіл мықтылары 109 медаль жиынтығын сарапқа салады. Ақ Олимпиаданың ашылуына 100 күн қалуына орай ұйымдастырушылар көпшілік назарына медальдардың дизайнын таныстырды. 

Гао Тянь, Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитеті департамент директорының орынбасары:

- Олимпиада ойындарының басталуына 100 күн қалды. Бұл өте маңызды дата әрі дүбірлі додаға дайындық жұмыстарының аяқталғанын білдіреді. Яғни бүкіл әлемге дүние жүзіндегі үздіктерді қарсы алуға дайын екенімізді көрсетеді. 

Қысқы Олимпиада тек Бейжіңнен бөлек Қытайдың тағы 2 қаласында өтеді. Атап айтқанда, Яньцинь мен Чжанцзякоу. Бұл шаһарларда негізінен шаңғы және шана жарыстары өтеді. Қазір қолданысқа берілген спорт нысандарында сынақ жарыстары өткізіліп жатыр. Ол желтоқсанға дейін жалғасады.

Чжан Цзяньжун, Бейжің-2022 ұйымдастыру комитетінің вице-президенті:

- Олимпиадалық ауыл ресми түрде қаңтардың 27-сі күні қолданысқа беріледі. Ал Олимпиада алауының эстафетасы 2 ақпанда басталады. Ал спорт нысандарын сынақтан өткізу жарыстары мен 3 аптаға созылатын жаттығу жиындарына бас-аяғы 2 мыңнан астам шетелдік спортшы мен қызметкер қатысады. Бәрі жабық режимде өтеді. 

Олимпиаданың өзі де барынша жабық режимде өтеді. Спортшылар тек жарыс нысандары арасында ғана емін-еркін қатынай алады. Өзге жерге шығуына рұқсат етілмейді. Бұдан бөлек әр делегация күн сайын ПТР-тестілеуден өтуі керек. Ереже бұзғандарға жаза қолданылады. Ал жанкүйерлерге келер болсақ, төртжылдықтың басты бәсекесін тек құрлықтық Қытай тұрғындары ғана тамашалай алады. 

Ботагоз Сыргабаева