Еліміздегі есту қабілеті төмен спортшылар алғаш рет футболдан әлем чемпионатына қатысады

Әлем чемпионаты алдындағы жолдастық кездесу. Еліміздегі есту қабілеті төмен спортшылар биыл алғаш рет футболдан әлем чемпионатына қатысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы мақсатта Алматыда 21 жасқа дейінгілер арасында ішкі біріншілік ұйымдастырылып, ең үздік ойыншылардан ұлттық құрама жасақталды. Қазір олар елордада оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Мүмкіндігі шектеулі спортшыларды қолдауға футболдан ұлттық құраманың мүшелері арнайы келді. Асхат Тағыберген, Абзал Бейсебеков және Александр Заруцкий сияқты спортшылар командамен кездесіп, ақыл-кеңестерін айтты. Тіпті бірлескен жолдастық матч та өткізді. Айта кетейік, Әлем чемпионаты желтоқсанның ортасында, яғни 6-16 аралығында өтеді. Оны Малайзия астанасы Куала-Лумпур қабылдайды. Оған дейін ұлттық құрама тағы да бір рет бас қосып, Алматыда дайындықты пысықтауды жоспарлап отыр.

Мейрам Абраев, ұлттық құрама мүшесі:

- Ұлттық құраманың қатарына қосылып, ел намысын қорғауға мүмкіндік алғаныма қуаныштымын. Бала кезден футболды жақсы көрем. Онымен кәсіпқой тұрғыда айналысып жүрмін. Бүгін футболдан Қазақстан құрамасының үздіктері келді. Жаттығуымызды көрді. Олармен емін-еркін әңгімелесіп, бірге доп та тептік. Бұл – керемет мотивация.