387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қысқы Универсиадаға арналған Латвия ұлттық құрамасының киімі салтанатты түрде таныстырылды

  • 998

Келесі апта Алматыда қысқы Универсиада басталады.

Халықаралық жарысқа 60 елден 2 мыңнан астам спортшы келеді деп күтіліп отыр. Олардың арасында Латвия да бар. Олар айтулы додада ел намысын қорғайтын ұлттық құраманың киімін салтанатты түрде таныстырды.

Латвия құрамасының киімі ұлттық тудың түсіндей ақ пен қызыл түстен тігілген. Дизайнерлер бұл үлгі атлеттерге сәттілік әкелер деген сенімде. Универсиадада 4 спорттың түрінен 26 спортшылары бақтарын сынайды.

Агита Абеле, Латвия спорт одағының президенті:

- Біздің мемлекет өзгелермен салыстырғанда, әрине, кішкентай. Бірақ байрақты бәсекеде туымыз көтерілсе, еліміздің мерейі артары сөзсіз. Бір шетінен, спортшыларымыз үлкен тәжірибе алып қайтады.

Латвия құрамасында хоккейшілер де бар. Олар осыған дейін Италияда өткен Универсиадаға қатысқан. Алғашқы кездесулері Ресей, Жапония және Корея құрамаларымен болады. Жаттықтырушы,бұл дода оңайға соқпайды деген пікірін білдірді.

Гинтс Бикарс, Хоккейден студенттер құрамасының жаттықтырушысы:

- Ресей құрамасымен тайталасу, әрине, қиынға соғады. Жапония да осал емес. Корейлік спортшылардың да жетістігі жақсы. Сондықтан барымызды салып, жақсы көрсеткішке қол жеткізуге тырысамыз.

Сноубордшы Элина Звайгзне құрамадағы ең жас спортшы. Дайындығы мығым, мақсатыайқын. Жарыстан құр қол қайтпаймын деп отыр.

Элина Звайгзне, сноубордшы:

- Әрине, жақсы орын аламын деген үміттемін. Бір шетінен, бұл спорт түрінде бәсекелестіктің жоғары екенін түсінемін. Қалай болғанымен, алғашқы ондыққа кіруге барымды саламын.

Латвиялық студенттер Алматыға келер аптаның басы аттанады. Оған дейін дайындықтарын тағы да бір рет пысықтап жатыр.

Агита Абеле, Латвия спорт одағының президенті

- Универсиаданы өткізгелі отырған Қазақстан тарапына алғысымызды білдіреміз. Спорт қалашығы, өзге де нысандармен алдын ала танысқанбыз. Бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған.

Латвиялықтардың студент спортшыларының бұл халықаралық жарыста жүзден жүйрік шығып, ел атын шығарар деген үкілі үміттері бар.

Авторлары: Асқарбек Қазанғап, Марина Петрова, Сергей Самойлов

Хабар 24 телеарнасы