Сарапшылар: Бензин бағасы өседі

Әлемде мұнай бағасы өсті. Қазір қара алтын баррелі 71 доллардан саудаланып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал бензин бағасы не болмақ? Сарапшылар не дейді?

Болжам бар. Бірақ ол қазақстандықтардың көңілінен шыға қоймайтын шығар. Өйткені сарапшылар биыл бензин тағы қымбаттауы мүмкін екенін айтты.

Келер жылы АИ-92 бензинінің бағасы 200 теңгеге дейін жетеді. Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстарына байланысты бензин тапшылығы байқалып, биылдың өзінде жанармай қымбаттауы мүмкін. Мұнай-газ саласының сарапшылары осындай болжам жасады. Сарапшылардың айтуынша, бұл ұзақ мерзімді фактор. Яғни, ерте ме кеш пе бензин қымбаттайды. «Біздің мұнай барреліне 20-30 доллардан зауыттарға жеткізіледі. Алайда оның өзіндік құны барреліне 40 доллар. Яғни, мұнай өндірушілер қара алтынды ішкі нарыққа тым арзан бағамен сатады. Ал шығындарды экспорт есебінен өндіреді», - дейді сарапшылар. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ және Дүниежүзілік сауда ұйымы шеңберінде Қазақстан ішкі нарықты субсидиялаудан бас тартуға міндеттеледі. Бұдан бөлек, елімізде наурызда мұнай өнімдері биржалық тауарға айналды. Енді сұраныс пен ұсыныс арасындағы бағаны нарық белгілейді. «Жанар-жағармай қымбаттайды. Бүкіл әлемде және Қазақстанда да арзан энергия көздерінің дәуірі өтті», - деді сарапшы Олжас Байдильдинов.

Олжас Байдильдинов, мұнай-газ саласының сарапшысы:

- АИ-92 маркалы бензин республика бойынша орта есеппен 170 теңге тұрады. Егер оны баррельге аударсақ, бір баррельде 159 литр. Яғни, бізде АИ-92 бензинінің баррелі дайын өнім түрінде 60 доллар шамасында тұрады. Ал әлемдік шикі мұнай бағасы 70 доллар. Өңделген өнімнің шикізаттан да арзан болуы мүмкін емес. Бірақ біздегі жағдай осындай.

***

Ең көп зейнетақы жинақтары жасы 30-дан асқан адамдарда. . Сонымен, зейнетақы ақшасының басым бөлігі 31-ден 40 жасқа дейінгі адамдарда. 3 трлн 66 млрд теңге. 50 жасқа дейінгі салымшылардың есепшотында да жалпы алғанда осындай ақша жатыр. Одан әрі 60 жасқа дейінгі топтардың зейнетақы жинақтары 3,1 трлн теңгені құрайды. Ал 30 жасқа дейінгі жастардың зейнетақы шотында 1,1 трлн теңге бар. Ең аз ақша 20 жасқа дейінгі салымшылардың шоттарында жинақталған – шамамен 13,5 млрд теңге.

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары

21-30 жас – ₸ 1,1 трлн

31-40 жас – ₸ 3,66 трлн

41-50 жас – ₸ 3,64 трлн

51-60 жас – ₸ 3,1 трлн

61-70 жас – ₸ 647,4 млрд

71- 80 жас – ₸ 4,6 млрд

Қазақстанда халық тұтынатын тауарлар ай сайын қымбаттап барады. Мысалы, жыл басынан бері азық-түлік, тауарлар, қызметтер мен тарифтер бағасы 3,5%-ке өсті. Бұл туралы LS сараптама агенттігі хабарлады. Атап айтқанда, азық-түлік тауарлары 4,9%, азық-түлік емес тауарлар 3,1%-ке, ақылы қызметтер 2,1%-ке қымбаттады. 2020 жылғы желтоқсанның аяғынан осы уақытқа дейін елде ұн, кеспе, сұлы жармасы, майонез, қант, ет, көкөністердің көптеген түрлері және т. б. бөлшек сауда тауарлары қымбаттаған.

***

Жыл басынан бері тауарлар 3,5%-ке қымбаттаған

Азық- түлік тауарлары 4,9%

Азық-түлік емес тауарлар 3,1%

Ақылы қызметтер 2,1%

***

Алтын бағасы $1900 асты

Алтын троя унциясы үшін 1900 долларға дейін түсті. Кеше Comex биржасындағы қымбат металл саудасы бір троя унциясы үшін бұдан екі долларға қымбат болған. Ал мамырдың 31-інде алтын 1918 долларға саудаланады. Ұлттық банктің сайтындағы ақпаратқа сәйкес 1 грамм алтын 26 мың теңгеден сатылып жытыр. Шетелдік сарапшылар, соңғы күндері алтын бағасының өсуі доллардың әлсіреуінен деп есептейді. Оған қоса, АҚШ Мемлекеттік облигацияларының кірісі де төмендей бастаған. Бұл алтын саудасына оң ықпал етеді.

***

Қытай юані үш жылдық максимумға жетті

Қытай юані америкалық долларға шаққанда үш жылдық максимумын жаңартты. Осыған байланысты елдегі активтерге сұраныс өсіп жатыр. «Профинанс» порталының хабарлауынша, Қытайдың жетекші компанияларының акцияларын бүкіл әлемде жиі сатып ала бастады. Жыл басынан бері шетелдік капиталдың таза ағымы өткен жылмен салыстырғанда үш есе өскен. Биыл оның жалпы сома 32 миллиард доллардан асты. Ал былтыр тек бір жылдың ішінде осындай көрсеткіштерге жеткен. Алайда, қытайлық активтерге сұраныстың одан әрі өсуі екіталай. Өйткені Қытайдың Орталық банкі юанді нығайтуға тырысады. Осы аптада қаржы реттеушісі банктерге қордағы шетелдік валюталардың үлесін арттыруды тапсырған. Бұл шара АҚШ валютасының Қытай нарығында аздап нығаюына мүмкіндік берді.

Сөз соңында валюта бағамына тоқталайық. Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша доллар 427 теңге 42 тиын, еуро 522 теңге 73 тиын, рубль 5 теңге 82 тиын.