Президент «Digital Bridge» форумына қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумына қатысты. Жиын осымен үшінші рет өтіп отыр. Президентке стартаптар аллеясы таныстырылып, Astana Hub IT экожүйесінің жұмысы баяндалды.

Бұл форум әдеттегіден өзгеше. «Digital Bridge» деп аталады. Технология саласының алпауыттары жиналды. Қазақстандық және әлемдік компаниялар халыққа ұсынылып жатқан электронды қызметтерді таныстырды. Форум қонақтарының бірі Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент саладағы жетістіктерді саралап, жаңа стартаптарды бағалады. Қазақстандық айти қауымдастықпен өткен жиында цифрлық даму мемлекет алдындағы маңызды бағыт екенін айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жалпы цифрлық даму біз үшін басымдық. Жалпы цифрлық даму біз үшін аса маңызды басымдық екенін мен бірнеше рет атап өттім. Қазір дүние жүзі пандемиядан кейінгі жаңа әлемге қадам басқалы тұр.Сапалы цифрлық технологияларды енгізіп дұрыс шешім қабылдай алмасақ, табысқа жету мүмкін емес. Бұл орайда мемлекет жетекші әрі үлестіруші роль атқаратыны сөзсіз.

Қазақстан үкіметі электронды қызметтер жөнінен Орталық Азияда көш ілгері. Бұл саладағы сервистердің 90 проценті онлайн жүйеде көрсетіледі. Дегенмен, көңіл көншітуге ерте. Енді мемлекеттік органдар қағазбастылықтан арылту қажет. Мемлекет басшысы іс жүзінде ең түйткілді деген екі сала – құрылыс пен жер қатынастарын ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- BIM технологияларын қолдану мәселесін қазіргі нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттеуді қамтамасыз ету керек. Бұл жұмыстың орындалу мерзімін айтарлықтай қысқартады, осы саладағы сыбайлас жемқорлықты азайтады, сондай-ақ құрылыс құнын төмендетеді. Үкіметке аталған саланы Цифрлық кеңсе жұмысындағы басымдықтардың бірі ретінде айқындауды тапсырамын.

Бизнес үшін жер учаскелерін таңдау және бөлу мәселесін толық цифрландыру, жылжымайтын мүліктің Бірыңғай мемлекеттік кадастрын құру жұмыстарын жеделдету және осы ақпараттық жүйені 2022 жылдың бірінші жартыжылдығынан кешіктірмей іске қосу тапсырылды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Құрылыс жұмыстарының сапасын анықтау үшін цифрлық құралдарды белсенді әрі кең көлемде енгізу қажет. Негізгі құрылыс компаниялары тұрғын үй, мектеп, аурухана, жол және басқа да әлеуметтік мәні бар маңызды нысандар салу үшін мемлекет қаржысын молынан игеруде. Бірақ ашығын айтайық, олардың сапасы көбінесе көңілге қонбайды. Күмән туғызады. Бұл жағдай азаматтардың наразылық жасауына алып келеді. Сондықтан Үкімет осы мәселеге баса мән беріп, цифрлық құралдарды қолдануға тиіс.

Цифрландыру ісіне жауапты вице-министрлер жұмысының нәтижелілігі сынға алынды. Президенттің айтуынша, олардың басты міндеті күнделікті бюрократиялық жұмыс емес, цифрлық реформалар мен өзгерістерді жүзеге асыру. Осыған байланысты жыл соңына дейін цифрландыруға жауапты әрбір вице-министр үшін нақты KPI әзірлеуді талап етті және Премьер-Министрге олардың қызметіне қатысты ұстанымды қайта қарауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Siemens» компаниясының бағалауы бойынша отандық өнеркәсіптік кәсіпорындардың 80 пайызында автоматтандыру деңгейі өте төмен, яғни Индустрия 2.0 деңгейінде. Естеріңізге сала кетейін, біз Индустрия 4.0 дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл аса ауқымды мәселе. Оның талаптарына тұжырымдамалық жағынан да, практикалық тұрғыдан да нақты әрі лайықты жауап беру керек. Цифрлық шешімдерді қолдаудың тиімді құралдарын, ең алдымен, өңдеу секторында кеңейту керек.

Президент отандық IT индустриясының бәсекеге қабілеттілігіне арнайы тоқталды. Бұл саладағы барлық отандық бизнес ішкі нарыққа, көп жағдайда мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың сұранымдарына жауап беруге бағытталған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- IT шешімдердің экспорты отандық экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі бола алады және болуға тиіс. Біз алғашқы қадамдарды жасадық. Бүгін көрмеде бәсекеге қабілетті IT өнімдерді, сондай-ақ білікті әрі жас IT командаларды көрдік. Оларға жан-жақты көмек көрсету керек. 

Мемлекет басшысы еліміздегі интернет пен байланыс сапасына көңілі толмайтынын да айтты. Сондай-ақ жеке мәліметтердің қауіпсіздігіне баса мән берді. Цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру мәселесі, оның қауіпсіздігіне деген жауапкершілікті қоса жүктейтінін түсіну керек. Яғни жеке мәліметтер құқықтық тұрғыдан да, физикалық жағынан да сапалы қорғалуға тиіс. Ол үшін жауапкершілік қатаңдатылады. Заңнамалық өзгерістер топтамасы әзірленеді.