Салқам Жәңгір хан Қосқалаң тауында жерленген бе?

Осы күнге дейін көпшілік Салқам Жәңгірдің сүйегі киелі Түркістан жерінде жатқанын айтып келді. Ол рас та шығар. Бірақ Орбұлақ шайқасында айлакерлігімен ерекшеленген ханның зираты Алматы облысында болуы бек мүмкін, дейді кейбір тарихшылар.

«Бабалар ізімен» экспедициясы Жаркент қаласынан солтүстік-батысқа қарай шамамен 70 шақырым күрделі жолды еңсеріп, тау арасындағы бейіт орнын тапты.

«Бабалар ізімен» экспедициясы Шығыс Қазақстан өңірінен Жетісу жеріне жетті. Талдықорған қаласына жолай соғып, Жаркентке аялдады. Кешқұрым Орбұлақ шайқасы болған аумаққа да бағыт алды.

Молот Солтанаев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі:

- Мына таудың арғы жағында жатқан кезінде 1635 жылдары Батыр Қоңтайшы құрған жоңғар ордасы, олар да осы жерге шабуыл жасағысы келіп, шабуыл жасаған да. Сол ірі шайқастардың бірі соларға қарсылық көрсеткен ата-бабаларымыз осы жерден шыққан.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Ел тарихында ұлт бірлігінің үздік үлгісін қайдан көруге болады десек, ойға ең бірінші Орбұлақ шайқасының келетіні тектен тек емес. Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс баһадүр жоңғарларға қарсы қалың қол жинап, Жетісу жеріне көз тіккен жаудың күлпаршасын шығарды. Бірі білсе, бірі біле бермес. 20 мың қол әскермен көмекке келген Самарқан әмірі Жалаңтөс - ел арасында Айтеке есімімен танылған Айтық бидің яки азан шақырып қойған аты Айтмұхаммед бидің бабасы.

Жалаңтөс сарбаздары шайқасқа дер кезінде араласа алды ма? Осы сұраққа қатысты пікір көп. Бірақ Самарқан әмірі бастаған әскердің кем дегенде тең жартысы уақытылы жетпеген болса, қазіргі Жетісу жерінің Қазақстан картасында болуы екіталай еді. Тарихшы Қали Ибрайымжанов былай дейді.

Қали Ибрайымжанов, тарих ғылымдарының магистрі:

- Өйткені 600 адаммен 50 мың адамға қарсы тұру қанша болса да, ұзақ уақыт табан тіреп тұру мүмкін емес. Сондықтан Жалаңтөс Баһадүр келіп үлгірді деуге болады. 

Жиі айтыла бермейтін тағы бір тарихи дерек. Салқам Жәңгір жоңғарларға күйеу бала болған. Жаудың қай жақтан шабуылдайтынын қайын атасы Күнделен-тайшы арқылы біліп отырған. Ал соңғысы Батыр Қоңтайшының әскери жорығына қарсылығын білдіріп, күйеу баласымен соғыспайтынын ашық айтқан.

Қали Ибрайымжанов, тарих ғылымдарының магистрі:

- Хабарды басқа сұлтан мен хандардан бұрын неге Жәңгір алды. Өйткені оның қайын атасы оған хабар беріп отырған. Бірақ ол Батыр Қоңтайшыға ашық айтты. Мен күйеу балама қарсы соғыспаймын деп. 

Сапарымызды бел ортасынан үзе жаздаған жол азабы тақырыбын жиһанкез Сапар Ысқақов та айналып өте алмады.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

- Жол жоқ. Жол болмағаннан кейін бұл жаққа туристердің өзін шақыру қиын. Шетелдік түгілі өз турисімізді апару қиын. Жастарды апару қиын. 

70 шақырымдық аралыққа 4 сағаттан артық уақыт кетті. Бұл бағытты жол деп те атауға ауыз бармайды. Қыр мен ойпат және сай-салаға толы жайлауды жергілікті шопандар ғана жақсы біледі. Бізді жаңылыстырмаған да солар. 

Тауда күн ұясына ерте бататыны белгілі. Ал тас қараңғыда көлік жарығымен бейіт іздеу одан бетер қиындай түсті. Түнгі сағат онда бір темір қоршауды көрдік. Ішінде төрт түлік мал жатыр. Қора ауласы ма десек, Салқам Жәңгірге арнап қойылған белгітас орыны болып шықты. 

Малды ауладан шығарып, «Мемлекет қорғауындағы тарихи орын» деп жазылған гранит тасқа жақындадық. Жаркенттік ақсақалдардың айтуынша, 2017 жылы белгіні қойған алқаушы, баһадүр ұрпағы Бекет Тұрғараұлы екен.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

- Мен бұрын интернеттен іздегенде бұл кісіге Түркістанда қойылғанын оқығам. Мен соған нанып, кейбір адамдарға дәлелдеп те жүрдім. Егер бұл шын болса, онда тарихты кішкене өзгертуге тура келеді.

Бірақ Салқам Жәңгір нақ осы жерде мәңгі тыныстап жатыр ма, жоқ па? Бұл сұрақ әлі де ашық күйінде қалып отыр. Алқаушы Бекет Тұрғараұлына телефон арқылы хабарластық.

Бекет Тұрғараұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Бексұлтан Нұржекеевтің бекітуімен соны қойдық. Оған өзі қатысты. Сол жерді қоршап, барған адамдардың ортасында болды ол кісі. Біз соның сөзін шындыққа балап, соны істедік. Ал енді бұл кісі жан-жақты жер-су аттарымен сол жерде Орбұлақтың болғанымен дәлелдегеннен кейін үкімет соған тоқтаған.

Белгітас тұрған тарихи орын мемлекет қорғауында емес. Бексұлтан Нұржекеевтің өзіне де хабарластық. Жазушы ағамыз былай дейді.

Бексұлтан Нұржекеев, жазушы:

- Зая-Пандита деген тарихшы болған. 1652 жылы қазақтың жерінде шайқас болып, 17 жасар Ғалдама Жәңгір ханды жекпе-жекке шақырып, сол жерде Жәңгір қайтыс болды дейді. Қазыбек бек Тауасарұлы да айтады. Ол Ғалдаманы Қалдан дей салады. Өзінің оқпана қаздырған жерден ат шаптырым жердегі Сарыбелде жекпе-жекке шығып, сол жерде Салқам Жәңгір ұзақ шайқастан кейін мерт болды дейді. Содан кейін сол жерге ханды жерледік дейді. Ал енді Орбұлақ пен Салқам Жәңгірдің жатқан жері дәп-дәл келеді. 

Алматы қаласының іргесіндегі Аңырақай монументіне де бардық. Бұланты және Аңырақай шайқастарында әскери қолбасшы болып, айлакерлігімен дараланған қазақ хандарының бірі Әбілқайырдың еңбегі мен ерлігі халық жадында. Бірақ Хандық тағынан үмітті болғаны соншалық маңызды ұрыстың алдында асығыс шешім қабылдағаны өкінішті, дейді Сапар Ысқақов.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

- Әбілқайыр хан өзін жоғары хан үш жүздің ханы ретінде сайламайды деп соған ренжіп, өзінің әскерін алып кетеді. Тақ таласқа бармай, сол арада келісіп, күллі қазақ әскеріне басшылық жасап бару керек еді. Бірақ сонда да Кіші жүздің, Орта жүздің және Ұлы жүздің барлығынан да әскерлер болды. 

Қиян-кескі шайқас бір емес, бірнеше жерде болды. Сондықтан қос стелланың бүгінгі тұрған жері ұрыс болған орындардың бірі. Бірақ қазір ескерткіштің бақылаусыз қалғаны байқалады. Өйткені төбесіндегі темір инсталляция бүлінген. Айналасы толған қоқыс. «Бабалар ізімен» алдағы сапарын Ресей Федерациясы аумағында жалғастырады.

Мирлан Алтынбек, Қуаныш Қожабеков