Төрегелді Шарманов: Дұрыс тамақтану – коронавируспен күрестің негізі

Қазақстанның денсаулық саласында аты аңызға айналған Төрегелді Шарманов өзінің YouTube каналын ашты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді білікті ғалым, академик өз көрермендеріне құнды ақыл-кеңестерін айтып отырады. Ол пандемия кезінде денсаулықты қалай күту керек екенін түсіндіреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Леон Бернард атындағы жоғары сыйлығының иегері, ұзақ әрі бақытты өмір сүрудің құпиясымен біздің тілшімізбен де бөлісті.

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Айына бірнеше рет Төрегелді Шармановтың жұмыс кабинеті түсіру алаңына айналып кетеді. Ғалым өзінің YouTube каналына бейнероликтер түсіреді. Қонақ ретінде еліміздің танымал тұлғаларын шақырып тұрады. Екеуара әңгіме денсаулық, коронавирус, вакцина төңірегінде өрбиді. Бұл мәселе қазіргі күннің ең өзекті тақырыбы екені анық. Өмірден түйгені мол академик Төрегелді Шарманов денсаулықтың негізгі тірегі дұрыс тамақтану дегенді үнемі айтып келеді. YouTube-тағы арнасының «Тағамсаулық» деп аталатыны да сондықтан.

Төрегелді Шарманов, академик:

- Мүмкіншілік келсе, кем дегенде тамақты үш мезгіл ішу керек. Оның құрамында ет тағамы міндетті түрде, өсімдік тамақтары мына жеміс-жидектер міндетті түрде құрамында әртүрлі болу керек. Ол қандай ауру болса, сондай ауру болсын, бәрі де тағам күрделі болуы бірінші шарт. Мысалы кешке жеген қойдың еті ертең күн батқанша сіңеді. Сиыр еті таң сарғайып атқанша, жылқы еті төсек салып жатқанша үш есе жылдамдықпен сіңеді. Ең жеңіл бекіре балықпен бірдей.

Төрегелді Шарманов бүкіл ғұмырын адамдардың денсаулығына қатысты зерттеулер жүргізуге арнап келеді. Мединститутты бітірген соң жас маман Қарағанды облысындағы өзі туып-өскен ауыл ауруханасына жұмысқа тұрады. Жылдар өткен соң сол уақыттағы Қазақ КСР-нің Денсаулық сақтау министрі қызметіне дейін өседі. Осы қызметте жүргенінде Төрегелді Шарманов Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық конференциясын ұйымдастырады. Сол жылы қабылданған декларация бүгінгі күнге дейін әлемдік денсаулық сақтау жүйесінің негізі саналады. Тіпті қазіргі пандемия кезінде де ғалым тынбай еңбек етіп, қазақстандықтармен маңызды кеңестерімен бөлісіп келеді.

Төрегелді Шарманов, академик:

- Келіп, құшақтап сәлем беруд қазақтың бұрынғы салты деп есептейді. Мен айтамын, сен жақсы көрсең досың болсын, туысың болсын, қаншалықты жақсы көресің, жақындарыңнан қашықта бол деймін. Орның таза болсын әр уақыттарда. Жейтін тамағың лас болмасын. Лас деген сөз бетіндегі кір емес, құрамы, құрамы сондай пайдалы болып, жемісті болу керек, әртүрлі болу керек.

Төрегелді Шарманов жас дәрігерлерді тәрбиелеуге де атсалысып отыр. Биыл ол өз атымен аталатын Халықаралық қор құрды. Осылайша, денсаулық сақтау саласының майталманы ғалымдардың коронавирусқа қарсы күреске қосқан үлесін атап өтуді жөн санайды.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Эдуард Кон