Дубайдағы ЭКСПО: Қазақстан ұйымдастырған шарада көміртегін бейтараптандыру мәселесі қозғалды

Жасыл экономикаға бетбұрыс. Дубайда өтіп жатқан Экспо көрмесіндегі қазақстандық тарап ұйымдастырған шарада көміртегін бейтараптандыру мәселесі қозғалды. «Kazakhstan Green Day» атты іскерлік кездесуде қатысушылар атқарылып жатқан істерге қанықты. Мұнда Қазақстан тарапы өндірісте қолданылатын технологияны жетілдіру жайын көрсетті.

Қазақстандағы климаттың өзгеріп, ауа температурасының жоғарылауы салдарынан шағын және орта мұздықтар түгесіліп барады. Осыған қарап жаһанның бір ғана бөлігіндегі өзгеріс тұтас жер шарына әсер ететінін аңғару қиын емес. Бұған қу тірліктің соңында жүрген адам баласы кінәлі екені баршаға аян. Дүниежүзілік EXPO көрмесінде қоршаған ортаны қорғау жолында әлемде қандай шара қолға алынғаны жайлы қазақстандық павильонда кеңінен тарқатылып айтылды.

Данияр Ереншінов, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының директорлары кеңесінің төрағасы:

- Қоршаған ортаға өнеркәсіп орындарының қызметі салдарынан туындайтын бірқатар фактор зиянын тигізеді. Яғни олар ауаны ластап, қоршаған ортаға зиянды қалдықтар бөледі. Көміртекті ізі дегенде парникті газдардың зиянын меңзейміз. Өнеркәсіптердің қызметі нәтижесінде парниктік газдың алты түрі бөлінеді. Оған метан, фторлы көміртегі және басқалары кіреді. Бірақ негізгі үлесін көміртегінің оксиді құрайды. 

Бұл тек біздің елге ғана қатысты мәселе емес. Көміртегін бейтараптандыру әлем елдерінің ортақ міндеті. «Kazakhstan Green Day» іскерлік кездесуінің қатысушылары осылай дейді. Көрменің «кемеңгерлікпен кемел келешекке» ұраны ортақ мақсатпен үндесетіні де осыдан. Дубай осылайша ЭКСПО-ға қатысушыларды ғаламшардың ең түйткілді мәселесін шешуге шақырады.

Саид Мұхаммед, Әл таир Дубайдың электрқуаты жөніндегі басқарманың бас атқарушы директоры:

- Бізде әлемдегі ең алып күн электростанциясы бар. Онда гелиоконцентраттар және фотоэлементтер орнатылған панельдер бар. Сонымен бірге көлемі бес мың мегаватты құрайтын батарея да бар. Энергетикалық балансқа жел энергиясын қосуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ қуаты зор болатын гидростанциямыз бар. Осылардың барлығы қалпына келетін энергия көздері. Дубайдың басты энергетикалық стратегиясы осыларға негізделген. 

Қазақстандық өнеркәсіп орындары да заманауи технологияларды енгізуге кіріскен. Жаңа экологиялық кодекске сәйкес 50 компания бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Тиісті экологиялық рұқсатын алған бетте қоршаған ортаға бөлетін эмиссия төлемінен толық босатылады. Бұл қаражат қолжетімді технологияны қолдануға мүмкіндік бермек.

Ермек Омаров, ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары:

- Елімізде кешенді экологиялық рұқсаттамаға қол жеткізген кәсіпорындар мен корпорациялар бар. Ол қолданыстағы технологиясын жетілдіру бойынша стратегия түзген. Мәселен қазақстандық алюминий зауытындағы өндіріс 90 процентке экологиялық талаптарға сәйкес келеді. Алдағы он жылда Еуропаның деңгейіндегі кәсіпорынға айналатыны сөзсіз. 

Жанар Игенова, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы төрағасының міндетін атқарушы:

- Біздің орталық көптеген елдің жасыл экономика саласында басын біріктіретін көпір іспеттес. Қазақстанға және Орталық Азияға инвестиция тартумен айналысады. Осылайша орталығымыз елдің жасыл экономикаға өту үрдісін жеделдетуге атсалысады.

Ұлттық декарбонизация одағында атап өткендей,  бүгінде Қазақстан көміртегіні бейтараптандыру ісіне жұмылған. Ол үшін жан-жақты талданған әрі экологиялық міндеттемені орындауға жағдай жасайтын тұтас жүйе құруға ниетті. 

Бақыт Топтаева, Камила Тастанбекова