Джо Байден: Вакцинаның барлық америкалықтарға тегін жасалуын қолға аламын

Әлем бойынша ковидитен көз жұмғандардың 20%-і, ал коронавирус жұқтырғандардың 24%-ін АҚШ тұрғындары құрайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы уақытқа дейін 25 млн америкалық індетке шалдығып, 400 мыңнан астамы қайтыс болыпты. Кеше ғана АҚШ-тың 46-шы президенті атанған Джо Байден COVID-19-ға қатысты батыл шешімдер қабылдайтынын айтты. Осы тұрғыда 198 беттен тұратын індетке қарсы күрес бағдарламасын таныстырып, алдағы жоспарларын бөлісті.

Талғат Алманов, тілші:

- Джо Байден АҚШ-тың жаңа ұлттық стратегиясы саясатқа емес, ғылымға негізделеді деп мәлімдеді. Осылайша, Ақ үйдегі екінші жұмыс күнінде ол 10 жарлыққа қол қойып, халық пен биліктің арасындағы ашықтықтың маңыздылығына тоқтады. Демократ қол қойған тапсырмаларының дені ковид індетімен күресуге арналған. Атап айтқанда, қоғамдық көлік орындары мен әуежайларда маска тағуды міндеттеуге шақырған Байден алдағы 100 күнде 100 миллион вакцинаны қолжетімді еткізуді көздеп отыр. Сондай-ақ қаңтардың соңына дейін вакцинациялаудың 100 федералды орталығы ашылатынын мәлімдеді. Ал қарапайым халыққа екпені өз бетінше егуді үйрету мақсатында денсаулық сақтау саласының 100 мың қызметкері тартылады. Және де вакцинациялаудың қарқынын арттыру үшін федералды, штаттық және жергілікті деңгейде жұмыс істеуді күшейту керектігін басып айтты.

Джо Байден, АҚШ президенті:

- Халықтың денсаулығына қатысты маңызды шешімдер саясаттағы адамдардың емес, денсаулық сақтау саласының мамандарымен ақылдасып қабылдануы тиіс. Осы уақытқа дейін бірталай шикіліктердің жасалғанына қарамастан, біз бұл қиындықтан өтіп, пандемияны жеңеміз. Бірақ жеңістің бірден келмейтінін білесіздер. Себебі вакцинациялау және өзге де ньюанстар уақытты талап етеді. Менің айтарым, маска тағу өте маңызды. Осы арқылы сәуірге дейін 50 америкалықтың өмірін сақтап қаламыз. Бетперде кию елін сүйген ерлердің ісі.

Талғат Алманов, тілші:

- Вакцинациялау мен тестілеуді көбейтумен қатар Джо Байден ковид індетіне қарсы екпенің барлық америкалықтарға тегін жасалуын қолға алатынын мәлімдеді. Сондай-ақ ковид бағдарламасына сай елдегі мектептердің тез арада ашылуы көзделген. «Ол үшін оқу ордалары мен ондағы мамандардың қауіпсіз ортада жұмыс істеулері үшін қажетті керек-жарақ толықтай қамтамасыз етілуі тиіс», - деді Президент Байден. Жалпы бүгінгі жолдаудың басты месседжі ақпараттың жақсы не жаманына қарамастан, халықтан жасырмай барыншы ашық болуға шақырды.

Линдсей Диксон, студент:

- Мен Байден әкімшілігі ковид індетіне қатысты мәселені ең бірінші орынға қойғанын қалаймын. Өзге де мәселелердің бары рас, бірақ қазіргі жағдайда індетпен күресу алдыңғы орында болуы тиіс. Саясатқа араластырмауын тілеймін. Сондай-ақ ең басты мәселе халыққа шындықты айту керек. Не болып жатқандығын жасырудың қажеті жоқ. Президент өзінің ойға алған, іске асырғысы келетін жоспарымен бөлісіп тұруын қалаймын.

Талғат Алманов, тілші:

- Айта кетейік, Джо Байден АҚШ Конгресінен ковид індетімен күресу үшін 400 млрд қаражат сұраған еді. Конгерстегі Сенат пен Өкілдер палатасы мүшелерінің ден демократтар екенін ескерсек, «Байденнің діттегеніне жетуі анау айтқандай қиындық туғызбауы керек», - дейді сарапшылар. Сондай-ақ мамандар Байденнің президенттігі дүниежүзілік ұйымдар үшін де жағымды жаңалық болғанын айтады. Мәселен, кешегі алғашқы жұмыс күнінде-ақ Байден Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Климат жөніндегі Париж келісіміне қайта қосылу туралы шешім қабылдаған еді.

Авторлары: Талғат Алманов, Ринат Садыров