Пандемия салдарынан адамдар цифровизацияға тәуелді бола бастады

Пандемия жер бетіндегі халықтың өмір сүру салтын өзгертті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалың бұқараның бір-бірімен қарым-қатынас жасауы үшін түрлі технологиялар мен жаңа әдіс-тәсілдер пайда болды. Адамдар цифовизацияға тәуелді бола бастады. Әлем ғалымдары білім алу, еңбек, сауда-саттық пен денсаулық салаларының дамуы үшін жаңа инновациялық құрылғылар мен қосымшаларды ойластырып жатыр.

***

Гонконгта пандемияға қарсы күресте София атты робот шықты

Гонконгта София атты робот-гуманоидтың жаңа түрі COVID-19 пандемиясымен күрес үшін шығарылды. Құлтемір сөйлейді, жүреді, шаруада көмектесе алады.

Мамандар «болашақта оны ауруханалар мен қарттар үйінде қолданған дұрыс» дейді. Софияға орнатылған камера арқылы адамның дене қызуы тексеріліп, егде жастағы жандардың  таңғы жаттығуына көмегін тигізеді. Компания басшысы биыл бұл роботтың мыңға жуық данасы сатылымға шығады деп жоспарлап отыр. Жасанды интеллекті бар құлтемір тіпті Сауд Арабиясында азаматтық алып үлгерген.

Дэвид Хэнсон, өндіруші компанияның басшысы:

- COVID-19 пандемиясы кезінде халық қауіпсіздік үшін автоматтандырылған технологияларға тәуелді болады. Биыл роботтың мыңнан аса данасы шығады. Ол адамға өте ұқсас келеді. Сондықтан адам оқшауланғанда Софияның тигізетін көмегі зор. Адам жалғыздықты сезбейді.

***

Мюнхен ауруханасында да робот дәрігерлерге көмектесіп жүр

Германияның Мюнхен ауруханасында да Франциско есімді робот ақ халаттыларға қолғабыс жасайды. Құлтемір ғимаратты тазартып, науқастармен әзілдесіп, тіпті ән айтып береді. Салмағы 200 келі роботтың құны 43 мың еуро шамасында. Сатылымға тек сынақтан толық өткеннен кейін шығады.

***

Америкалық зерттеушілер бактериядан қорғайтын бетперде шығарды

Америкалық зерттеушілер адамды бактериядан қорғайтын арнайы сүзгі орнатылған бетперде шығарды. Инновациялық маска ішіндегі ауаны салқындата алады. Нәтижесінде адамның беті мүлде терлемейді екен. Тағы бір ерекшелігі – бетперде қараңғы жерде жарық шашып, басқаларға көрініп тұрады. Маскада ультракүлгін шамдар мен микрофон бар. Әзірге бетперде ақ және қара түсті болып шығады. Бағасы әлі нақтыланбаған. Компания өкілдерінің айтуынша, ақылды бетперде жақында жаппай сатылымға шығады.

Кушал Тандон, компания өкілі:

- Міне, бетперденің екі нұсқасы. Біз формасын келтіруге және дұрыс силиконды астарын жасауға көп уақыт жұмсадық. Ондағы ойымыз – ұзақ киілсе екен дейміз. Ал мынау – микробтарды өткізбей ұстап қалатын сүзгілері.

***

Пандемия кезінде карантин теледидары шықты

Пандемия салдарынан онлайн жиналыстар, форумдар мен самиттердің жеңіл әрі тиімді өтуіне карантин теледидары шықты. Платформа бір сәтте бірнеше адамның тікелей байланысқа шығуына мүмкіндік береді. Бір қызығы, жаңа құрылғыда жасанды интелектісі орнатылған фитнес жаттықтырушы бар. Ол арқылы адамның дене мүсіні үнемі бақылауда болады. Яғни теледидар алдында отырған адамның дұрыс отыруы қадағаланады. Ал оны басқаратын пульт күн сәулесі арқылы жұмыс істейді.

Лаура Канг, өндіруші компанияның өкілі:

- Теледидар 7 жыл бойы мінсіз жұмыс істейді. Бұл 99 млн батарея қолданылмайды деген сөз. Осылайша, қоршаған ортаның ластанбауына да өз ықпалын тигізеді.

***

Тайвань өнертапқыштары ақылды айна ойлап тапты

Ал, Тайвань өнертапқыштары ақылды айна ойлап тапты. Ол арқылы спорт залға барып шыныға алмайтындар жаттығуды үйден шықпай-ақ та жасай береді. Шынығуды виртуалды жаттықтырушы көрсетіп отырады. Айнаға 3D камерасы орнатылған. Арнайы компьютерлік бағдарлама арқылы жаттығудың дұрыс жасалып отырғаны тексеріледі. Қате болса, міндетті түрде ескертіледі. Өндіруші компанияның айтуынша, ақылды айна халықты вирусқа шалдығудан қорғайды.

Авторы: Арайлым Жақсылыққызы