Ұлыбританиялықтарға шетелге саяхаттауға тыйым салынды

Ұлыбритания азаматтары негізсіз елден кете алмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәлелді себебі болмаған адамдарға өзге елдерге саяхаттауға тыйым салынды. Әр адам декларация толтырып, шетелге бару себебі жіті тексеріледі. Еңбек демалысы дәлелді себеп болып есептелмейді. Ұлыбританияға «қызыл тізімдегі» елдерден келушілер қонақ үйлерде оқшауланады. Тізімге мутацияға ұшыраған вирустың жаңа түрлері анықталған 30 мемлекет енген. Жолаушылар ПТР-тесттің теріс нәтижесін көрсеткеннің өзінде үкімет ұсынған қонақ үйде 10 күн бойы сыртқа шықпай оқшаулануы міндетті. Олар азық-түлік және басқа да керек-жарақтармен қамтамасыз етіледі. Бірақ барлығының ақысын өз қалталарынан төлеуі керек. Мұндай қатаң шектеулер пандемия басталғалы болған емес. Қазір Ұлыбританияға өз азаматтары мен заңды резиденттер ғана кіре алады.

Борис ДжонсонҰлыбритания премьер-министрі:

– Сондай-ақ вирустың жаңа штаммдары анықталған 22 елден бізге сапар жасауға тыйым салдық. Олар – Оңтүстік Африка республикасы, Португалия және Оңтүстік Америка мемлекеттері.

Ұлыбритания үкіметі карантин мерзімін 8 наурызға дейін ұзартты. Оқушылар мен студенттер тағы да бір жарым ай онлайн оқиды. Біріккен корольдікте коронавирустан көз жұмғандар саны 100 мыңнан асып, бұл көрсеткіш бойынша Еуропада антирекорд тіркелді.