Қазақстан Чехияға құны жүздеген млн доллардан асатын өнім жеткізбек

Прагаға экспортталатын тауарлар тізімі жасалып қойған. Оған жалпы 325 миллион долларды 45 тауары еніпті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мұнай-химия, металлургия, машина жасау, құрылыс сияқты сала өнімдері бар. Қазір қуаты 50 мегаваттық, құны 135 миллион доллар тұратын, күн электрстансасын іске қосу жобасы жүзеге асып жатыр.

Чехияның іскерлік қауымдастығы үшін Қазақстанмен атом энергиясы жөніндегі келісім – болашағы зор серіктестіктің бірі. Ресми Нұр-Сұлтан Прагаға Қазатомөнеркәсіп компаниясының өнімдерін жеткізуді ұсынды. Енді Чехия табиғи уранның қоймалжың түрін Қазақстаннан алуы мүмкін. Осы серіктестік аясында чехиялық кәсіпорындар станок жөндеу, жетілдіру және қосалқы бөлшек жасау орталығын құруға мүмкіндік алады.

Карел Фарна, қаржы жөніндегі кеңесші:

– Қазақстан атом саласында әріптес ретінде жайдан жай таңдалған жоқ. Өткен жыл бизнестің барлық саласына ауыр тиді. Бірақ қазақстандық әріптестер дағдарыста тиімді әрекет етіп, қаржылай өсімге қол жеткізе алды. Мысалы, сіздердің атом компанияларыңыз 2020 жылы дивидентті 25 процентке артық төлеген. Сондықтан мұндай серіктеспен еш алаңдамай жұмыс істеуге болады.

Чехия ураннан бөлек, Қазақстаннан өзге де өнімдерді импорттауға дайын. Жалпы құны 325 миллион доллар болатын 45 тауар алуға ниетті. Мұнай-химия, құрылыс өнімдерінен бөлек көлік саласына ерекше ден қойып отыр. Чехия Қазақстан арқылы Қытайдан жүк тасымалдауға да қызығушылық танытады. Прага Бейжіңмен бұл мәселе бойынша келіссөзді көктемге дейін аяқтамақ. 

Януш Кожена, Чехия кәсіпкерлері қауымдастығының тең құрушысы:

– Жүк тасымалдауды дамыту Чехияда қазір дағдарысты бастан кешіп жатқан жүздеген компанияны құтқарар еді. Біз қазақстандық әріптестеріміздің ұсыныстарын тыңдадық. Жаңа бағыт бойынша жүк тасымалдау сәуір айында-ақ басталады деп үміттенеміз. Қазір Қытайдан импортталатын тауарлардың тізімі дайындалып жатыр.

Қазақстан-Чехия іскер топ өкілдерінің кездесуінде фармакология саласындағы әріптестік те сөз болды. Тараптар елімізден Прагаға медициналық құрал-жабдық, дәрі-дәрмек жеткізу жайын талқылады. Чех кәсіпкерлерінің айтуынша, Қазақстанмен ынтымақтастық елдегі індетпен күреске үлкен демеу болмақ.

Александр Грэс, Дмитрий Лукша және Павел Нэвид