Чехия-Германия шекарасында 30 шақырымдық кептеліс орнады

Чех-неміс шекарасында ұзындығы 30 шақырымнан асатын жүк көліктердің кептелісі орнады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған Германия билігінің елге кіруді шектеуі себеп. Ресми Берлин жаңа штамдардың таралуынан қауіптеніп отыр. Сондықтан шекарадан тек жергілікті азаматтар мен ел аумағы арқылы өтетін жолаушыларға ғана рұқсат етілген. Оның өзінде, олардан коронавирустың жоқ екендігін дәлелдейтін тест талап етіледі. Сарапшылардың айтуынша, бұл шаралар кейбір өндіріс орындарына, оның ішінде көлік жасау саласына кесірін тигізуі мүмкін. Себебі көптеген бөлшек Шығыс Еуропадан тасымалданады.

Штеффен Зайберт, ГФР үкіметінің ресми өкілі:

– Бізде қиын жағдай қалыптасып отыр. Вирус таралуының алдын алу үшін қолдан келгеннің барын істеуіміз керек. Жаңа штамдар Германияда, сондай-ақ көршілес елдерде де тіркелуі мүмкін. Сондықтан үкімет қатаң шараларға баруға мәжбүр.