Исландия вакцина салдырған туристерге шекарасын ашпақ

COVID-19-ға қарсы вакцина салдырған туристер шектеу шараларынан босатылады.

Исландия билігі ЕО-да лицензияланған вакциянациялаудан өткен кез келген турист елге кіре алатындығын мәлімдеді. Бұл туралы елдің Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәлімдемеге сәйкес, COVID-вакцинасының екі дозасын да алған шетелдік арнайы шектеу шараларын сақтауға міндеттелмейді. Карантинде отыру, тестілеуден өту секілді шаралардан да босатылмақ.

Сондай-ақ республикаға коронавируспен ауырып жазылғанын дәлелдей алатын адамдар да кіргізілмек.

«Соңғы 12 айда әлем түрлі қиындықты бастан өткерді. Бәріміз қалыпты өмірге тезірек оралудан үміттіміз. Мәдениет, сауда, кәсіпкерлікке әсер ететін саяхаттау да қайта басталарын күтіп отырмыз», – дейді Исландия премьер-министрі Катрин Якобсдоттир.

Соңғы мәліметтер бойынша, 360 мыңнан астам тұрғыны бар Исландияда 6087 адам коронавирус жұқтырған.