427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үндістан вакциналау науқанын ерекше шараға айналдырды

  • 153
  • UPD: 22:01, 14.04.2021

Үндістанда вакциналау мерекесі өтті. Халыққа екпе жасау қажеттігін түсіндіру үшін жергілікті билік осындай ерекше шара өткізген. Бұл ел коронавирус жұқтыру бойынша әлемде алдыңғы қатарда тұр. Мерекені ұйымдастыруға кәсіподақтар мен жастар белсенді атсалысты. Олар алыстағы лашық аудандарға барып, жалғызбасты қариялардың үйін аралаған. 

Үндістанда вакциналаудың бірінші кезеңі жылдың басында өтті. Екінші кезеңі өткен айда басталды. Алайда жұрт екпе салдыруға асығар емес. Осының салдарынан Үндістан әлі күнге дейін коронавирусты ең көп жұқтырған елдер қатарынан шыға алмай отыр. Жергілікті тұрғындар мерекелерді ұнататыны бәріне мәлім. Ел премьер-министрі жариялаған вакциналау фестивалі үш күнге жалғасып, халық қастерлейтін екі тұлға Джотиб Пхуле мен Бабасахеб Амбедкарға тағзым ету шарасымен қатар өтті. Билік осы данышпандарды үлгі етіп, халықты саналылыққа шақыруды мақсат еткен.

Дей Рафи, шараға қатысушы:

- Мен және айналамдағы көршілердің кесірінен қайта локдаун жарияланып, кәсіпорындар жабылуы мүмкін екенін түсіндім. Егер вакцина салып, аурудан сақтануға болса, неліктен одан бас тартамыз? Осы күндері өзіме де екпе жасап, вакциналауды насихаттап жүрген волонтерлердің тобына қосылдым. 

Осы шара барысында негізгі жұмысты волонтерлер атқарды. Негізінен студенттерден тұратын бұл топтар егде жастағы кісілерге вакциналаудың қажеттілігін түсіндірген. Айта кету керек, көбіне аға буын екпе салудан бас тартып жүр. Сондай-ақ тұрмысы нашар тұрғындар да вакцина алуға белсенділік танытпайды. Демалыс күндері өздерімен үгіт кітапшалар мен фильмдерді алған волонтерлер Нью-Дели айналасындағы барлық лашық мекендерді аралап шықты. Нәтижесінде бір ауылдың тұрғындарымен келісіп, алдағы жұма күні екпе жасау үшін оларды арнайы автобустармен қаладағы аруханалардың біріне жеткізетін болды.

Хави Равичандер, Нью-Дели кәсіподақтарының өкілі: 

- Бұл мерекенің мәнісі ұрандатып, бұйрық беру емес. Керісінше билік өкілдері мен дәрігерлер халықпен тең дәрежеде сөйлесуі қажет. Күшпен адамдарды емханаға айдап кіргізе алмайтыны түсінікті болды. Ал мереке түрінде ұйымдастырылған шара бұл істе көмек болуы мүмкін. Фестивальдің басты шарты ережелерді мұқият сақтау. Бұл мереке індеттің өршуіне әкелмеуі керек. 

Аптаның соңында билік өкілдері фестиваль барысында нақты қанша адам вакцина салдырғанын есептеуі тиіс. Егер ол әдеттегі көрсеткіштен асса, вакциналау мерекесі апта сайын өткізіледі. Бар шығынды қала әкімішілігі мен демеушілер өзіне алады.  

Михаил Зейфман, Устад Рахман

Хабар 24 телеарнасы