Қырғызстан тарапы тәжіктердің ауыл басшысын ұрлағанын жоққа шығарды

Қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыстан жарақат алғандар саны 200 адамнан асты.

Бұл туралы Қырғызстанның ақпарат құралдары хабарлады. Сондай-ақ Қырғыз елінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет тәжіктердің Баткен ауданындағы шекара бекетін басып алғанын және Лейлек ауданындағы ауыл басшысын ұрлағанын жоққа шығарды. Бұған дейін тараған ақпарат жалған болып шықты. Бүгін қайта жанданған атыс тоқтатылып, екі елдің әскер күштері қақтығыс аумағынан әкетілген. Қырғызстанның «24 Ки-Джи» ақпарат порталының мәліметіне қарағанда, бүгінгі атыс Арка, Доштык және Жаштык ауылдарында болған. Баткен ауданының Көк-Таш ауылында 17 үй отқа оранған. Бұдан басқа, қырғыз әскерінің 3 сарбазының қаза тапқаны және 20 жауынгердің жараланғаны белгілі болды. 2 сарбаз ауыр халде жатқан көрінеді. Жалпы қақтығыстардан 200-ден астам адам жарақат алған. Қазір Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрі Баткенге бара жатыр.

Еске сала кетейік, Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қарулы қақтығыс 28 сәуірде Баткен ауданының Көк-Таш ауылында суды бөлу бекетінде басталған. Жергілікті тұрғындар тәжік сарбаздарынан бекеттегі бейнебақылау камерасын алып тастауды талап еткен.

Ализа Солтонбекова, еңбек және әлеуметтік даму вице-министрі:

- Өкінішке қарай, жарақат алғандардың 13-і қаза тапты. Арасында 2008 жылғы бала да бар. Жарақаттар әртүрлі. Оқ тиген, сынықтар тиген, жабық сипатта басы жарылған, миы шайқалған. Оларға қажетті медициналық жедел жәрдем көрсетіліп жатыр. Кеше түнде зардап шеккен 25 адам арнайы ұшақпен Баткеннен Бішкекке жеткізілді.