Непал үкіметі барлық ішкі және халықаралық әуе рейстерін тоқтатты

Себебі елде індет жұқтырушылар саны күрт өскен.

Ұшуға қарсы енгізілген шектеу шаралары кемінде 14 мамырға дейін күшінде болмақ. Елдің премьер-министрі басқа елдерден вакциналар, диагностикалық құрал-жабдықтар, оттегі құтылары мен коронавирусты тежеуге көмегі тиетін басқа да құралдар сұрап отыр. Бұған дейін Үндістан 1 миллион доза, Қытай 800 мың доза тегін берген болатын. Негізі Непалда вакциналау науқаны қаңтарда басталған еді. Бұл ел сол кезде Үндістаннан 1 миллион доза үшін ақша төлеген болатын. Бірақ Үндістан препаратты экспорттауға тыйым салып, тапсырыс берілген дозалар әлі жеткізілген жоқ. Салдарынан Непалдағы егу шарасы баяулап қалды.

Индра Рана, жергілікті тұрғын:

– Дубайдағы жұмысыма баруым керек еді. Енді халықаралық рейстердің ұшуына тыйым салынды. Билет берілмей жатыр. Қазір бара алмайтын сияқтымын.