Әлемде 150 млн бала құлдық жұмысқа жегілген

Бала – ертеңгі өмірді жалғастырушы, ізбасар. Жеткіншектер балалық шағында мектепте берілетін біліммен еркін сусындауы тиіс. Бірақ бүгінде 150 миллионнан астам бала жастайынан жұмыс істеуге мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде бала еңбегін пайдалану проблемасы әлемдегі ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Өйткені жер бетіндегі әрбір оныншы бала жұмысқа жегілген.

ЮНИСЕФ ұйымы келтірген мәлімет бойынша бүгінде бала еңбегін ең көп пайдаланатын Африка мен Азия елдері болып тұр. Қара құрлықта 72 миллион жас жұмысқа тартылса, Азияда 62 миллион бала жастайынан еңбек етуге мәжбүр. Сорақысы сол, қабырғасы қатпаған, буыны бекімеген жастың көбі бірден құлдық жұмысқа жегіледі. Бірі зауыт-фермада тер төксе, келесі бірі күн көру үшін қоқыс аралап кеткен. Дәл сондай жеткіншектің бірі – Сахар Шабаан. Иракта тұратын ол 6 адамнан тұратын жанұясын асырау үшін 2 інісімен бірге қоқыс теруге мәжбүр. Сондағы табатыны – небәрі 75 цент қана. Ол сырқаттанған әкесіне дәрі алуға да, дұрыстап тамақтануға да жетпейді екен.

Сахар Шаабан:

– Достарымның мектепке кетіп бара жатқанын көрген сайын оларға қызғанышпен қараймын. Бәрінің білім алғысы келеді. Бірақ әкем сырқат болғандықтан, бәрін тастай салып, мектепке бара алмаймын. Інілерім әлі кішкентай. Мектепке олардың барғаны дұрыс.

Латын Америкасында 10,5 млн бала жұмыс істеуге мәжбүр

Венесуэлалық балалардың да жағдайы мәз емес. Пандемия салдарынан соңғы уақытта мұнда кәмелетке толмағандар еңбекке көп тартылатын болған. Негізі коронавирус өршімей тұрып-ақ, Латын Америкасындағы бұл елде экономикалық жағдай қиын болатын. Сондықтан балалар жұмыс істеп, ата-аналарына ақша табуға көмектесуге мәжбүр. Жеткіншектердің көбі ауыл шаруашылығы саласында еңбектенеді. Басқалары жағдайы жақсы отбасының балаларына үй тапсырмасын жасауға көмектеседі. Тағы біреулері көшеде су мен темекі сатады немесе қайыр сұраумен айналысады. Қиын жағдайды пайдаланып, жасөспірімдерді қылмыстық топқа тартатындар да көбейген. Қазіргі таңда бүкіл Латын Америкасы бойынша шамамен 10 жарым миллион жеткіншек жұмыс істейді. Сарапшылар алдағы уақытта олардың қатарына тағы 300 мыңнан аса бала қосылуы мүмкін деп топшылап отыр.

Моисес Бракамонте, 12 жастағы оқушы:

– Маған ауыл шаруашылығымен айналысқан ұнайды. Темірмен де жұмыс істей аламын. Сондай-ақ кейде малға жем-шөбін беріп, күтім жасаймын. Ал үй тапсырмасын жұмыстан кейін істеймін.

Ал індетке байланысты шекарасы жабылып, экономикалық қиындықтарға тап болған Солтүстік Корея республикасында да балалар жаппай жұмысқа тартылған. Жергілікті БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, жетім балалардың бәрі шахталар мен фермалардағы жұмысқа өз еріктерімен келіпті. Қазір шамамен 700-дей жетім ерікті ретінде қызмет етіп жүр екен.

Террорлық шабуылдардан 20 мың бала ашқұрсақ қалды

Ал Мозамбиктегі балалар аштық пен кедейлік кесірінен отбасыларымен бірге өзге елге қоныс аударуға мәжбүр. Отандарынан өкше көтеруге террорлық шабуылдар мен үкіметке қарсы топтардың операциялары да себеп. Соңғы 4 жылда қарапайым тұрғындарға жасалатын шабуылдардың жиілеп кеткені сонша, Пальма қаласы жермен жексен болып, ондаған мың адам баспанасыз қалған. Мамырда жарияланған мемлекеттік статистикаға сәйкес, террорлық шабуылдардан 47 мың азамат қонар жері, тұрақты мекені жоқ пақырға айналған. Оның 20 мыңдайы бала екен.

Руфина:

– Бұрын егістік жеріміз бар еді. Енді 13 ағайынды әкеміздің көшеде жүріп тапқан-таянғанына қарап отырмыз. Бұрындары күніне 3 рет тамақтансақ, қазір екі ретке шүкіршілік етуге мәжбүрміз. Басқа амал жоқ.

Жағдайдың қиын болғанына қарамастан, әлемдік ұйымдар бала еңбегіне қатысты ахуалды реттеуге барынша күш салып келеді. Ол үшін тиімді шаралар қабылдап, ел үкіметтерін балалар еңбегін пайдалануға жол бермеуге шақырып жатыр.