АҚШ-та бірнеше штатқа су тасқыны қаупі төнді

Алдағы демалыс күндері АҚШ-тың бірнеше штатында қолайсыз ауа райы күтілуде.

Елдің метеорология қызметі оңтүстіктен келе жатқан тропикалық циклонның салдарынан Луизиана мен Флорида штаттары қатты зардап шегуі мүмкін деп дабыл қағуда. Қауіпті аймақта отырған 7 миллион американдық қатты дауыл мен су басу алдында тұр. Мамандардың айтуынша, қолайсыз ауа райы Уэст Костқа дейін жалғасуы мүмкін. АҚШ-тың Ұлттық дауыл орталығы мен билік өкілдері американдықтарды төтенше жағдайға әзір болуға шақырды.

Джон Белл Эдвардс, Луизиана штатының губернаторы:

- Штаттың оңтүстік бөлігі толығымен зардап шегуі мүмкін. Ал ең қауіпті аймақ Луизиананың шығыс бөлігі. Біздің болжамымыз бойынша жауын-шашын екі жарым сантиметрден сегіз сантиметрге дейін жаууы мүмкін.

Штат тұрғыны:

- Біздің қорқатынымыз үйлерімізді су басып қалуы мүмкін. Өйткені ауа райының қаншалықты қолайсыз болатынын ешкім білмейді. Көліктерді қауіпсіз аймаққа әкетіңдер деп ескертуде. Ал баспанамызды не істейміз?!