Коронавирус үй жануарынан адамға жұқпайды

Үйдегі мысық пен ит те коронавирус жұқтырады. Бірақ зерттеулер қауіпті дерт үй жануарынан адамға жұқпайтынын көрсетті. Десе де, соңғы уақытта адамдар асыранды ит-мысығын арнайы орталықтарға көптеп өткізе бастаған.

Үйдегі жануарлар да коронавирусты қожайынынан жұқтыруы мүмкін. Нидерланд ғалымдарының зерттеулері осыны көрсетіп отыр. Сынақ дерт шыққан 200 үйдегі мысық пен итке жүргізілген. Нәтижесінде үй жануарларының 17 проценті ковид-19-бен ауырғаны анықталса, тағы 4 проценті ауруға шалдыққан күйде ұшырасқан. Бірақ вирустың жануардан иесіне жұғуы тіркелмеген. Сондықтан мамандар коронавируспен ауырғанда үйдегі жануарға жақындамауға кеңес береді. 

Элс Бронс, зерттеуші:

- Үй жануарларының коронавирусты жұқтыруы адамдардың олармен тығыз байланыста болуынан деп ойлаймын. Себебі, көп кісі қолындағы жануарлармен үнемі бірге болып, кейде бір төсекте  ұйықтайды. 

АҚШ-та коронавирусқа қарсы шектеулер жеңілдетілгеннен бастап адамдардың қолындағы үй жануарларын асырап алу орталықтарына кері қайтаруы көбейген. Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда мұндай орындарға қайтарылған үй жануарлары 80 процентке өскен. Мамандар мұны елдің қалыпты өмірге қайта оралып, жануарға қарауға уақыты азайғанымен түсіндіреді. 

Хлои Эсперикетт, үй жануарларын асырау орталығының қожайыны:

- Пандемияға дейін бізге ай сайын 5-10 адам қолындағы жануарын асырауға мүмкіндігі жоқ екенін айтып алып келуші еді. Ал соңғы уақытта бұл көрсеткіш күрт өсті. Ай сайын 20 кісі қолындағы жануарын алуды өтініп келетін болды. 

Германияда да үй жануарларын асырап алу орталықтары осындай мәселеге тап болған. Бірақ бұл елде әсіресе тұрғындардың қолындағы иттерін өткізуі жиілеген. Жергілікті мамандар мұны шектеу кезінде үй жануарларын бағып қағуды үйрететін орталықтар жабылып, оларды асырау қиынға соққанымен түсіндіреді. 

Утэ Эбер, үй жануарларын асырау орталығының қожайыны:

- Пандемия кезінде жалғыздықпен күресу үшін асырап алған иттердің көбінің мінез-құлқында өзгерістер пайда болған. Ал оларды қалай бағып қағуды үйрететін орталықтың көбі індет кезінде жабылып қалды. Салдарынан азаматтар бұл мәселені қалай шешетінін білмей қиындыққа тап болған.

Ал асырап алу орталықтары қазіргідей өтпелі кезеңде уақытша қиындықтар болатынын айтып, адамдарды қолындағы сүйктілерінен құтылуға асықпауға шақырып отыр.

Дәурен Ақашұлы

Сондай-ақ...