Байден Ауғанстаннан әскерді алып кету туралы шешімін түсіндірді

Президент Джо Байден Ауғанстаннан АҚШ әскерін алып кету туралы шешіміне еш өкінбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал ондағы америкалық контингент алға қойған міндетті орындады. Ақ үй басшысы халыққа жолдауында ауған елінен америкалық сарбаздарды шығару туралы неге шешім қабылдағанын осылай деп түсіндірді. Ал тәліптердің ірі қалаларды басып алып, тез жеңіске жетуін Ауғанстан саяси басшылығы бас сауғалап қашып, ауған әскерінің соғысқысы келмей бытырап кетуінен деді. Сондықтан ауғандардың өздерін өздері қорғауға талпыныс жасамаған жерде Америка әскерилерінен қақтығысқа араласуды сұрау әбестік деп айтты.

Джо Байден, АҚШ президенті:

– Біздің Ауғанстандағы миссиямыз ондағы өмір сүр қалпын өзгертіп, жаңа ұлт құру болған емес. Және де ол жерде демократия құруды көздеген жоқпыз. Біздің жалғыз мақсатымыз ол Ауғанстаннан Америкаға қарсы лаңкестік шабуылдарды болдырмау болған.

Еске сала кетейік, биыл АҚШ пен НАТО Ауғанстаннан әскерін шығара бастағаннан бері жағдай ушығып, тәліптер ірі қалаларға шабуылын күшейтті. Салдарынан өткен жексенбі күні қарулы топтар Кабулдағы президент сарайын басып кіргенін мәлімдеді. Президент Ашраф Гани қашып, оның қай жерде екені әлі белгісіз. Ал дүйсенбі күні «Талибан» қозғалысының ресми өкілі елде 20 жылға созылған соғыс аяқталып, жуық арада жаңа басқару формасы жарияланатынын мәлімдеді.