БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы дамушы елдердегі вакцина үрдісіне төмен баға берді

БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясының төрағасы Абдулла Шахид 2022 жылдың соңына дейін әлем халқының толық екпе алу мүмкіндігі бар екенін айтты. Ал дамушы елдердегі вакцина алу үрдісіне төмен баға берді, деп хабарлайды «Хабар 24» ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл туралы сессия төрағасы сәрсенбі күні ТАСС агенттігіне берген сұхбатында айтты.

«Біз дамушы елдердің 2-3 проценті ғана екпе алғанын білеміз. Әсіресе, Африка елдерінде бұл үрдіс өте баяу жүріп жатыр. Бұл дұрыс емес» дейді төраға.

Сондай-ақ Абдулла Шахид келер жылдың соңына дейін әлем халқы толық вакцина алуы мүмкін екенін айтты. Осы мақсатта қаңтар айында ұйымға мүше елдермен іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Қазан айының басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адхан Гебрейесус әлемнің барлық тұрғынының 70 проценті екпемен қамтылуы үшін кем дегенде 11 миллиард коронавирусқа қарсы доза қажет болады деп мәлімдеген еді. ДДҰ стратегиясына сәйкес бұл болжам 2022 жылдың ортасына дейін жетуі керек, ал осы жылдың соңына қарай әлем халқының кем дегенде 40 проценті вакцина алуы тиіс болатын.