Бейжіңде Олимпиада кәдесыйлары таусылып қалды

Бейжің тұрғындары Олимпиада кәдесыйларын сатып алу үшін ұзын-сонар кезекке тұруға мәжбүр. Алайда бәріне жететін түрі жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қысқы ойындардың басталғанына әлі бір апта өткен жоқ, алайда шаһарда кәдесый таусыла бастады. Жұрт дүкен сөрелерінде тұрған заттардың түгелін сатып алып жатыр. Қытай тарихындағы тұңғыш қысқы Олимпиада – жергілікті тұрғындардың мақтанышы. Көбі жарысты өз көзімен көргісі келді. Алайда пандемияның кесірінен ондай мүмкіндіктері болмағандықтан, кәдесыйларды жаппай сатып алып жатыр. Ұйымдастырушылар бұйымдардың 5 мыңдай түрін дайындаған. Бейжің орталығындағы тек бір ресми дүкеннің күнделікті саудасы 150 мың доллардан асып түсті. Алайда сұраныс тым жоғары. Олимпиададан естелік алып қалғысы келетіндер ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр. Күн салқын болғандықтан, оларға тегін шай да үлестірілуде.

– Кәдесый таусылды, кезекке тұрмаңдар.

– Тапсырыс алмаймыз.

Дегенмен халық тарамайды. Тіпті Олимпиаданың басты рәміздері – панда мен ор қоян да қалмаған.

Ли Мэйюнь, Бейжің қаласының тұрғыны:

– Ақпанның бірінде осында келіп, кәдесый сатып алдық. Бірақ Бин Дуньдунь пандасын емес, ор қоянды сатып алдық. Достарымыз панданы сатып алуды сұрағаннан кейін бүгін қайта келдік. Бірақ тауылыпты, осыдан бірнеше күн бұрын келгенде болған еді.

Ресми дүкендердің электронды платформаларында тапсырыс жасауға болады. Бірақ тауарды бір айдай күту керек.

Айта кету керек, бұл ойындар жергілікті тұрғындардың салауатты өмір сүруге құлшынысын арттырды. Үкімет өкілдерінің мәлімдеуінше, 300 милионнан аса адам қысқы спорт түрлерімен айналыса бастаған. Тап осы міндетті Қытай билігі осы қысқы Олимпиаданы өткізу құқығына ие болғанда қойған болатын.

Авторлары: Ботагөз Сырғабаева, Владимир Грабарь