АҚШ Түркияға F-16 жойғыш қаруын жеткізуге ниетті

Мадридте өткен НАТО саммитінде АҚШ президенті Джо Байден Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанмен жүздесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саясаткерлер қол алысып Украинадағы қарулы қақтығысқа байланысты пікір алмасты. Ақ үй басшысы әріптесіне Швеция мен Финляндияға қатысты келісімге келгені үшін ризашылығын білдіріп, Түркияға АҚШ-тың F-16 жойғыш қаруын жеткізуге ниетті екенін білдірді.

Джо Байден, АҚШ президенті:

– Президент мырза, сізді қайта көргеніме қуаныштымын. Финляндия мен Швецияға қатысты мәселенің түйінін тарқату үшін жасаған жұмысыңызға алғысымды білдіремін. Сонымен қатар Украина мен Ресейден бидай экспортына қатысты үлкен жұмыс атқарғаныңызға рахмет. Бұл мәселелерді алдағы уақытта да сізбен талқылауға мүдделімін.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

– Бидай экспорты мен өзге де мәселелерге қатысты шешімге дипломатиялық түрде қол жеткізетінімізге үміттімін. Бидайсыз қалған елдер бар. Оларға көмек көрсету керек.