Талдықорғандық домбыра шеберіне шетелден тапсырыс жиі түседі

Домбыра жасайтын ұста. Талдықорғандық шебер Тлеш Намазбековке арғысы Америка мен Канада, Германиядан, бергісі ТМД елдерінен тапсырыс көптеп түседі.

Тлеш Намазбеков 1989 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің көркемсурет графика факультетін тәмамдайды. Сосын еңбек жолын Талдықорғанда мұғалімдіктен бастайды. Ол кезеңде ұстаздардың көбі ала дорба арқалап, сауда-саттыққа кетіп жатқан кез еді. Айлығы шайлығынан артылмаған бозбаланың осылайша домбыра жасау шебері мамандығын игеруіне тура келген. Қазір оның облыс орталығында жеке шеберханасы бар. «Домбыра 1992 жылы дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияров ұсынған стандарттар мен өлшемдер бойынша жасалуы тиіс» деп есептейді шебер.

Тлеш Намазбеков, шебер:

- Домбыраларға да сондай үш өлшем қою керек пе деп мен ойлаймын, балақай домбыра, орташа домбыра, үлкен домбыра деп. Одан кейін мына күй домбыра, ән домбыра деп жатады. Жалпы қазақ шеберлері, қазақ күйшілері, әншілері, бізде тек қана шауып жасаған домбыралар болған. Өйткені бізде құрастыру технологиясы болмаған.

Құрастыру технологиясы 1934 жылы пайда болды. Ахмет Жұбанов Құрманғазы оркестрін құрған кезде Боралдай базарынан Романенко деген ағайынды екі шеберді тауып алып, солармен ақылдаса отырып, осы 19 пернелі, 7 шанақты домбыраның алғашқы үлгісін жасатады. Өйткені шауып жасаған домбыраға қарағанда құрастырылған аспаптың диапазоны әлдеқайда кең. Тлеш шебер домбыраны әркімнің тапсырысына орай шауып та, құрастырып та жасайды. 1998 жылы осы шеберханада арнайы тапсырыспен жасалып, Америка асқан киелі аспаптың да адам жанын елжірететін өз тарихы бар.

Тлеш Намазбеков, шебер:

- Америкаға шауып жасаған домбыраны алып кетті. Өйткені ол кісі қазақтың қызын асырап алыпты да Көкшетаудан Арай деген. Аты Арай кәдімгідей. «Мен бұл балаға кейін қазақ екенін айтам» деп шағын қазақ үй, қамшы, домбыра сатып алған. Қазақ үй мен қамшыны мен тауып бердім, домбыраны менің домбырамды сатып алды.

Домбыраның да түр-түрі бар. Ішіндегі ең мықтысы – үйеңкі, жаңғақ, шәмшат, қайың мен Тянь-Шань самырсынынан шабылып, құрастырылғаны. Кей өңірде ағаш тапшы болса, Жетісуда жасалған домбыраға деген сұраныстың неге жоғары екенін осыдан бағамдауға болады. «Қыран» атты мына домбыраның құны мың доллар. Үнін тыңдап көрелік.

- Табылар өнерліге құрмет пен сый,Әрқашан өнерліге орын дайын, 

Қиянат, бұзықтықтан бойыңды-ау тый, ауу-беуу... 

Жетісулық дәстүрлі әнші Төлеутай Серіков пен Тлеш Намазбековті домбыра табыстырыпты. Бастапқыда шеберханаға аспап жөндетуге келіп жүрген әнші бара-бара өзі де домбыра жасай бастайды. Ал Тлеш ағасын осы мамандықтағы ұстазы тұтады. 

Төлеутай Серіков, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты:

- Менің де әкем домбыра жасаған кісі болатын. Жаңағы ағашты сүргілеп жатқандағы, сондай керемет жонып жатқандағы керемет дауыстар әлі күнге дейін құлағымда. Сол бір кішкентай кезімдегі, бала кезімдегі естіген ерекше бір дыбыстарды осы жерден кеп тапқан сияқтымын. Домбыраның үні де бар бұл жерде.

Қазақ іштегі мұң-наласы мен шемен-шерін домбырамен тартқан халық. Өйткені онда иісі қазақтың бүкіл болмысы, тарихы, шешендік өнері, ауыз әдебиеті мен мәдениеті жатыр. Қолынан домбырасы түспеген қазақтың ұл-қызы аталған асыл құндылықтардан еш ажырамайды. 

Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев, Олжас Байбосынов