Алматыда «Жылдың музыкалық мезгілдері» жобасы таныстырылды

Қазақстандық опера әншісі Зарина Алтынбаева «Жылдың музыкалық мезгілдері» атты халықаралық жобаға қатысып жатыр. Фильмде ол италиялық композитордың ариясын орындайды. Алматыда KINOPARK IMAX ESENTAI-дың қолдауымен осы фильмнің премьерасы өтті. Жобаны италиялық продюсерлер жүзеге асырады. Оның басты мақсаты пандемия кезінде үзіліп қалған әр елдің арасындағы мәдени байланысты қайта жаңғырту.

«Жылдың музыкалық мезгілдері». Өнер саласында жұмыс істейтін италиялық продюсерлердің Алматыда таныстырған жобасы осылай аталады. Италияның Тоскана өңірінде түсірілген фильм 5 бөлімнен тұрады. Бұл жерде Монтекатини секілді көне қала бар. Ол антикалық дәуірде табылған минералды су бұлақтарымен әйгілі. Осы қалада опера өнерінің классигі Джакомо Пуччини туып өсті. Әлемдік операда танымал орындаушылар көне спа-шипажайдың жанында тұрып неше түрлі арияларды айтады. Фильмнің бір бөлімі балетке арналған.

Зарина Алтынбаева, опера әншісі:

- Алаңдап, қобалжып тұрғаным рас. Италиялықтар бұл туындыны қалай түсірді екен деген сұрақ болды. Барлығымыз асыға күттік. 

Филмьге италиялық артистерден бөлек Қазақстан мен Ресей әншілері де түскен. Жобаға біздің елімізден опера әншісі Зарина Алтынбаева шақырту алған. 

Мария Джулия Грацини, Montecatini Opera Festival арт-директоры:

- Қазақстан тарихы терең, музыкалық дәстүрге бай ел. Сондықтан алдағы уақытта да бұл жобаны сіздердің елде жалғастырғымыз келеді.

Лоренцо Лаварини, Montecatini Opera Festival бас директоры:

- Осы жобаны жасау туралы идея пандемия кезінде туды. Әлемде барлығы, оның ішінде мәдени байланыстарда тоқтап қалды. Италия бұл індеттен өте қатты зардап шекті. Сол себепті біз Европа мен Азия арасында виртуалды көпір жасауды ұйғардық. Бұл арқылы біз әлі тіріміз, біздің өнеріміз мәңгілік екенін айтқымыз келді. 

Итальяндар Монтекатиниде түсірген фильм біздің елден соң Дубай мен Токиода көрсетіледі. Жоба авторлары оны жалғастыруды жоспарлап отыр. Болашақта Prima Nota Fest атты балаларға арналған музыкалық конкурс ұйымдастырылады. Қазылардың құрамында Мария Джулия Грациниде бар. Гран-при иеленген балалар Италияда өтетін музыкалық фестивальге барады.

Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев