Нұр-Сұлтан қаласында мұғалімдер мен полиция қызметкерлерін вакцинациялау басталды

Нұр-Сұлтанда 1 наурыздан бастап КВИ-ға қарсы екпені мұғалімдер, балабақша тәрбиешілері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері алады.

Елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша. бұл топқа 15 мыңнан астам адам кіреді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Осы санаттағы адамдарды вакцинациялау үшін Нұр-Сұлтанда 36 алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымында екпе егу бөлмелері ұйымдастырылды. Сондай-ақ екпе салдыртуға ведомствоаралық ұйымдар да қатысады.

«Мұғалімдер мен тәрбиешілерге вакцинация АМСК ұйымдарына білім беру ұйымы бекітілген жері бойынша жасалады. Вакцина алатындардың тізімдері жасалды, тиісті емханаларға жіберілді», – делінген басқарма таратқан хабарламада.

Нұр-Сұлтанда 1 ақпаннан бастап барлығы 2 126 адам коронавирустық инфекцияға қарсы екпе алды. Өткен демалыс күндері басқарманың қоймаларына 7 мыңнан астам жаңа доза вакцина түсті.