424,64 503.77 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы 3,2% өсті

  • 218
  • UPD: 15:09, 12.04.2021
Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы 3,2% өсті

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылғы қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов пен ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мемлекеттік бюджет кірістерінің өсу қарқыны және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру мәселелері туралы баяндама жасады. Министрдің айтуынша, осы жылдың басынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы 3,2% өсті. 

«Бұл ретте өткен жылдың сәйкес кезеңінде бағалар 4,8%-ға өсті. Өсімнің 4,1 пайыздық тармағы карантиндік дүрлікпе салдарынан наурыз айында байқалды», – деді Б.Сұлтанов.

Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде бағалар өзгеруі тұрақтанды. Соңғы үш аптада өсім 0,2% құрады.

Министр бағаның одан әрі өсуіне жол бермеу мақсатында биыл 11 наурызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында 45 іс-шарадан тұратын Бағаны тұрақтандыру жөніндегі жол картасы мақұлданғанын еске салды.

Жол картасын орындау аясында наурызда жедел шаралар қабылданды, атап айтқанда:

монополияға қарсы ден қою шаралары іске асырылды;

шекті бағалар енгізілді;

әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру туралы меморандумдар жасалды;

ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізілді;

сауда объектілерінде әлеуметтік сөрелер орнатылды;

күнделікті мониторинг және атқарылып жатқан жұмыс жайлы бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді түрде жарияланды.

«Айналым схемасы» жыл басынан 30% ұлғайтылып, қаржыландыру 24 млрд теңгені құрады. Қосымша 8 млрд теңге бөлу жоспарлануда. 

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, кейбір өңірлерде әлі күнге дейін жоғары өсім байқалады. 6 сәуірдегі жағдай бойынша ең жоғарғы баға өсімі Жамбыл облысында 4,2% және Атырау облысында 3,8% орын алды. Ең аз 2,9% өсім Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында тіркелді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бағаның өсуіне жол бермеу атқарушы органдардың маңызды көрсеткіші болып табылады. Жоғарғы өсім қабылданған шаралардың жеткіліксіздігін көрсетеді», – деді Б.Сұлтанов.

Осыған орай, министр бүгінгі отырыстың хаттамасына келесі тапсырмаларды бекітуді ұсынды, атап айтсақ:

бағаның ең жоғарғы өсіміне жол берген жетекшілік ететін әкімдердің орынбасарларына тәртіптік шараларды қолдану;

Бәсекелестікті қорғау және реттеу агенттігіне үстем бизнес субъектілерінің бағалық сөз байласуына жол бермеу мәселесін тұрақты бақылауда ұстау;

орталық және жергілікті атқарушы органдарға карантиндік шараларды ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар тауарларының, әсіресе импортқа тәуелді және экспортқа бағдарланған өнімдерінің бағаларының өсуіне жол бермеу бойынша бақылауды күшейтіп, тиісті әрекет ету;

«Айналым схемасы» бағаны ұстап тұрудың ең тиімді механизмі екенін ескере отырып, оны қаржыландыруды 50 млрд теңгеге дейін жеткізу шараларын қабылдау қажет», – деді Б.Сұлтанов.

Ә.Смайылов атап өткендей, осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындылары елдегі экономикалық белсенділіктің жандану үрдісін көрсетеді. Тауарлар өндірісі оң нәтижесін көрсетіп, 1,8%-ке өсті. Жылдық инфляция 7%-ке дейін баяулады.

«Алайда, орталық және жергілікті атқарушы органдар қарқынды көтеруі керек. Мүдделі мемлекеттік органдар әкімдермен бірлесіп, сапалы инвестициялар тартуы, шағын және орта бизнесті қолдау шараларын тиімді іске асыруы керек», – деді Ә.Смайылов. 

ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуіне жол бермеу мәселесінің маңыздылығына ерекше назар аударды. Бірінші тоқсанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өсуінің ең жоғарғы деңгейі Атырау және Жамбыл облыстарында орын алды. Осыған байланысты Ә.Смайылов осы жұмысқа жауапты Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрлыбаев Қайрат Есқабылұлына және Жамбыл облысының әкімінің орынбасары Нығмашев Берік Болатұлына қатаң сөгіс беруді тиісті облыс әкімдеріне тапсыруды сұрады. Мемлекеттік бюджеттің кірістері туралы мәселе бойынша Ә.Смайылов І тоқсанның қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет кірісітерінің шамалы өсу қарқыны бар екенін атап өтті. Бұған негізінен жергілікті бюджет кірістерінің өсуі әсер етеді (114,2%).

Ә.Смайылов атап өткендей, есептік деректер жергілікті бюджеттердің кассалық қалдықтары айдан айға ұлғайып келе жатқанын көрсетеді. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарға проблемалық мәселелерді біріншіден, жергілікті бюджет есебінен жабу қажет.

«Бюджет қаражатын игеру бойынша ахуалдың жақсарғаны орталық мемлекеттік органдарды да, жергілікті мемлекеттік органдарды да босаңсытпауы тиіс», – деді Ә.Смайылов. 

Сонымен қатар бірінші вице-премьер мемлекеттік сатып алу рәсімдерін уақытылы өткізу және экономиканы қолдау бойынша дағдарысқа қарсы шараларды іске асырудың маңыздылығына тоқталды.

«Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бойынша шаралар уақытылы қабылдануы қажет және аталған бағыттағы жұмысты жандандыру керек», – деп түйіндеді Ә.Смайылов.

Ақпарат көзі: primeminister.kz

Хабар 24 телеарнасы