Ә.Әбдіқадыров: Әкімдерді сайлауға 17,6 млрд теңге қажет

Мәжілісте Қазақстандағы «Сайлау туралы» Конституциялық заң мен оған ілеспе заң жобасына түзетулер енгізу жағы қаралып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, 800 әкімнің сайлауына 17,6 миллиард теңге қажет болады. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров мәлімдеді. Заң жобасында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің сайлануы көзделген. 67 түзету енгізу ұсынылды.

Олар: сайлауды тағайындау тәртібін белгілеу, кандидаттарды ұсыну, тіркеу, сайлауды өткізу, қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тіркеу тәртібін белгілеу; кандидаттарға қойылатын талаптар; ұсыну тәсілдері; сайлау өткізу кезеңдерінің мерзімі, кандидаттарды қолдауға қол жинау және дауыстарды санау. Президент бұған дейін әкімдерді тікелей сайлау 2024 жылы өткізілуі тиіс деп мәлімдеген болатын.

Әлішер Әбдіқадыров, ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары:

- Әкімдерді тікелей сайлауды қаржыландыру жергілікті бюджет арқылы жүзеге асады. Алайда Бюджет кодексінің жалпы сипаттағы трансферттердің қолданылу кезеңінде жергілікті бюджеттің шығындарын міндетті өтеу туралы нормаларын ескере отырып, таяудағы 2 жылда сайлау ОСК арқылы қаржыландырылады. 2023 жылдан бастап бұл шығындар жергілікті бюджеттердің шығыстар базасына енгізіледі. Жалпы сипаттағы трансферттерде есептеу кезінде ескеріледі. Бұл шамамен 17,6 миллиард теңге. Оның 4,8 миллиарды биыл 800-ден аса әкімге сайлау өткізуге жұмсалады.