Елімізде соңғы төрт жылда оңтүстіктен өзге жерлерге 26 мың адам көшті

Елімізде соңғы төрт жылда оңтүстік өңірлерден 26 мың адам көшіп кетті. Олар «Еңбек» бағдарламасы бойынша Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстанды. Бұл отбасыларға қандай көмек көрсетіледі?

Нұрсұлтан Қуатов Арыс қаласынан көшіп келді. Көп балалы отбасыға Подгорное ауылынан жаңа үй берілді. Сонымен қатар әйелі екеуі «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 580 мың теңгеден алып, мал шаруашылығын бастап кетті.

Нұрсұлтан Қуатов, Подгорное ауылының тұрғыны:

- Бұларда аналық мүйізді ірі қаралар бар. Қазіргі таңда табында. Олар кешке келеді. Сауамыз. Сүтін өткіземіз. Аллаға шүкір, одан біз дамытсақ па деген үлкен мынау былай қарай жоспарлар бар сарайлар соқсақ деген, биылғы жоспарда. Тағы бір 30-20 бастай сиыр алсақ па деген ниетім бар өзімнің.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысына 150-ге жуық отбасы көшіп келді. Бәрі де үйлі болып, жұмысқа орналасты. Кәсіп ашқандары да бар. Көш тоқтамайды. 

Назерке Тасқұлова, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының баспасөз хатшысы:

- Ағымдағы жылы еңбек күші мол өңірлерден 2325 адамды қабылдау жоспарланып отыр. Бұл дегеніміз 700-ден астам отбасы. Соның ішінде 1267 адам еңбекке қабілетті жастағы адамдар. 

«Еңбек» бағдарламасы 2017 жылы іске қосылды. Содан бері жұмыс күші мол оңтүстік өңірлерден 26 мың адам көш түзеген.   

Рауан Қапан, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің бас сарапшысы:

- Мемлекет тарапынан қоныс аударуға 35 АЕК мөлшерінде материалдық көмек көрсету бойынша жұмыстар атқарылады. Және бір жылға дейін 15-30 АЕК мөлшерінде тұрғын үй жалдауға материалдық көмек беріледі.

Бірақ бәрі бірдей тұрып қалған жоқ. Бағдарлама басталғалы 176 отбасы туған өлкелеріне қайта оралған. Себептері сан алуан: біреуіне ауа райы, енді біреуіне отбасылық жағдай себеп болған.

Авторлар: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев