Жадында тұр жаңғырып...

Ортақ жеңіс. Соғыс ардагері Федор Ковалев осылай дейді.

94 жасқа келсе де Федор Ковалев әлі тың. Немересімен бірге шөберелерін түгендеп отыр. Он төртінің де атын біледі, түрін таниды. Құлақ естуі нашарлағаны болмаса, соғыс жылдарын ұмыта қоймаған. Жадында жаңғырып, көкейде сайрап тұрғанымен ашылып айтқысы жоқ. Өйткені, соғыстың қайғы қасіретке толы екенін жеңістің оңайлықпен келмегенін жақсы біледі.

Федор Ковалев, соғыс ардагері:

- Жеңіске жетуге біреу көбірек, біреу азырақ үлес қосты деп бөлуге болмайды. Өйткені, ол мылтықты көтеріп атып түсіре салатындай оңай емес. Соғыстың аты соғыс. Оған жетуге барлығы өз мүмкіндігіне қарай үлес қосты. Ардагерлер жиналған кезде біз бір-бірімізден соғыс жайлы сұрамайтынбыз. Соғыстың қиыншылығы мен ауыртпалығы мол.

Елена Вертипорова, немересі:

– Бала күнімізде тоғызыншы мамырды мереке деп қуанып тойлайтынбыз. Уақыт өте келе оған басқаша қарайтын болдық. Себебі кейінгі жеті жыл шамасында атамыз соғыс туралы естеліктерімен бөлісе бастады. Оны тыңдаған сайын көзімізге жас алып жылаймыз. Құдайға шүкір біз соғыс көрген жоқпыз.

Федор Ковалев 1944 жылы 17 жасында соғысқа шақырылыпты. Алты айлық арнайы оқу жатығу дайындығынан өткен соң Қиыр Шығыстағы майданға жіберілген. Жапон әскеріне қарсы ұрыста «Ерен ергілігі» үшін медалімен марапатталды. Әскер қатарында 1951 жылға дейін болған ол елге келген соң еңбекке араласқан.

Еркетай Әбдіназарұлы, ардагердің көршісі:

- Бұл кісіні танығалы 42 жыл болды. Жақын етене көрші болып көшіп келгенімен 22 жыл болды. Араласып тұрамыз. Федя атамыз қолынан іс келетін ағаш шебері. Көмектесіп тұрады. Ақылын айтады. Біздің Бабажанова көшесінде тұрғанына мақтанамыз.

Жамбыл ауданындағы тағы бір соғыс ардагері – 99 жастағы Михаил Прокопенко. Ол 1943 жылы құрылыс отрядына алынып, бір жылдан соң өз өтінішімен майданға аттаныпты. Танктік бригада сапында Беларусь жерін жаудан азат етуге қатысқан. Сол жердегі кескілескен ұрыстардың бірінде аяғынан жарақат алды.

Михаил Прокопенко, соғыс ардагері:

– Мен 1943 жылдың 20 қарашасында Грузиядағы госпитальға жатқызылдым. Ол жерде адам көп болды. Дәрігерлер тез емдеп, не соғысқа не үйге қайтаратын. Алғашында сүйегің гонгрена болып кетеді. Кесейік деді. Мен келісімімді бермедім. Содан кейін емдей бастады. Сөйтіп, тізем жазылды. Бірақ бүгілмейді. Елге келгенде әкем аман-есен жеткеніме қатты қуанды.

Алматы облысында Михаил Прокопенко, Федор Ковалев сынды 41 соғыс ардагері қалды. Немере шөберелерінің қамқорлығындағы қарт майдангерлердің ерен ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ел жадында мәңгі сақталмақ.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев