Қазақстан Азиядағы Жастар кеңесінің IV отырысын өткізді

Бүгін Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің жастар отырысы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған 25 мемлекеттің өкілі онлайн форматта қосылды. Жиын барысында Қазақстанның еріктілер рөліне баса мән берілді. Өткен жылы пандемия, әсіресе, ерекше күтімді қажет ететін отбасылар мен егде адамдарға ауыр тиді. Сол себептен Қазақстан өз тарапынан өзге елдерге үлгі ретінде волонтерлік жұмыстардың барысы мен механизмдерін бөлісуге дайын екендіктерін жеткізді. Өз кезегінде кеңеске қатысушы өзге елдердің жас өкілдері өзара диалог пен әріптестік қатынастарын жандандыруға, сондай-ақ жас мамандардың әлеуметтік, экологиялық және мәдени салаларға қатысуын қолдауға уағдаласты.

Асхат Оралов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:

- Биыл біздің ел дәл осы кеңестің төрағалығын қабылдады. Соның аясында IV жастар отырысын өткіздік. Жиында БҰҰ-ның өкілі Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу, сондай-ақ жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге, атап айтқанда, экология мәселелерін шешуде жастардың тәжірибесі мен рөлі талқыланды.