Шалғай ауылдарда дауыс беру жылжымалы сайлау жәшіктері арқылы ұйымдастырылады

Қызылорда облысында кейбір шалғай ауылдарда жылжымалы сайлау жәшіктері арқылы дауыс беру ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы Сыр өңіріндегі 8 ауданның 7-еуінде ауыл әкімдерін сайлау науқаны өтеді. Мәселен, Шиелі ауданында 4 ауылдық округтің әкімін тұрғындар өздері таңдау мүмкіндігіне ие болып отыр.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Әкім сайлауы Шиелі ауданына қарасты Майлытоғай ауылында да өтеді. Мұнда 130 үй, 750-дей тұрғын бар. Елді мекенде шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. «Тұрғындар таңдайтын жаңа басшы ауылымызды көркейтеді деп үміттенеміз», - дейді осы елді мекен тұрғыны Сәрсенбай Піртаев.

Сәрсенбай Піртаев, Майлытоғай ауылының тұрғыны:

- Бізге еліміздің, ауылымыздың жыртысын жыртып, көтермелеп тұратын еті тірі азамат болса дейміз. Алға қарай жетелейтін жастарды, әрі қарай көркейтетіндей бір азамат болғаны дұрыс қой енді.

Ауылдағы сайлау учаскесі №141 орта мектепте орналасқан. Сайлаушылар тізімі дайын. «368 майлытоғайлықтың сайлауға қатысуға құқығы бар», - дейді комиссия төрағасы.

Саламат Әбуұлы, №270 «Майлытоғай» сайлау учаскесінің төрағасы:

- Майлытоғай ауылдық округінің әкіміне кандидаттыққа 5 адам ұсынылған. Біреуі партиядан, төртеуі өзін өзі ұсынған. 9 шілде күнге дейін олар өздерінің кандидатураларын ұсынып болды. Тексеру қорытындысы бойынша 1 кандидат біліктілік талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты тіркелмеді. Қазіргі таңда 4 кандидат тіркеліп, олардың барлық құжаттары тексеріліп аяқталуға жақын.

Облыс бойынша әкім сайлауы 40 ауылдық округте өтеді. Орта есеппен бір орынға 3-4 кандидат тіркелген. Қазіргі таңда үміткерлердің құжаты арнайы тексеруден өтіп жатыр.

Ғалым Баймырзаев, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Қазіргі таңда 135 кандидаттың сәйкестігі келді. 17 адам, 10 адам оның ішінде сәйкестігі келмегендігі және 7 кандидат өзін өзі алып тастау өтінішіне сәйкес алынып тасталды.

Арал және Қазалы аудандарының шалғай елді мекендері – Аманөткел, Мергенсай, Бөген, Қарақұм және Қарашеңгелде сайлау учаскесі ашылмайды. Бұл жерлерде жылжымалы сайлау жәшіктері арқылы дауыс беру ұйымдастырылады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов