Германияда коронавирус жұқтыру қайта жиілеп кетті

Германияда халықтың 45 проценті вакцина салдырса да, коронавирус жұқтыру қайта жиілеп кетті.

Вирусологтар жазғы демалыс маусымы елдегі эпидахуалға әсер ететінін алдын-ала болжаған. Төрт күн қатарынан бір мыңнан аса науқас тіркеліп отыр. 84 миллион халық бар ел үшін бұл аса жоғары көрсеткіш емес. Алайда 74 процентінде тез жұғатын дельта штамы анықталды. Ғалымдар күзде Германияда індеттің төртінші толқыны басталады дейді. Үкімет қыркүйек айының соңында ұжымдық иммунитет қалыптасыруды көздеп отыр. 60 жастан асқан тұрғындардың басым бөлігі вакциналанды. Енді өзге халықтың 85 процентіне екпе салу қажет. Елдің ірі қалаларында тіркеусіз екпе еге бастады. Вакцинаны хайуанаттар бағында немесе сауда орталықтарының маңындағы көлік тұрақтарында салдыруға болады. Мәселен бұл орталық демласы күндері Берлинде ашылды. Күн сайын мұнда 2 мың екпе жасау жоспарланған. Бірінші күні екі есе көп адам келіп, ұзын-сонар кезек пайда болды.   

Джил, Берлин қаласының тұрғыны:

Тіркеусіз екпе салдыруға мүмкіндік бергеніне өте ризамыз. Бірақ тым ұзаққа созылып кетті. Екі сағатта біте ме деп едік. Таңғы он бірде келіп, тек сағат төртте ғана кезегіміз келді. Бірақ ұжымдық иммунитет қалыптастыру маңызды екенін білеміз, әйтпесе ауру одан әрі тарай береді. 

Ола, студент :

– Бұл вакцина алуға жақсы мүмкіндік. тіркеусіз екпе салдыратыныма ризамын, өйткені бұрын алдын-ала жазылып, шақыруын күту керек еді.

Берлин қаласының әкімшілігі осындай орталықтар санын арттыруды көздеп отыр. Мәселен, тамыз айында екпе салуға асықпайтын жастарға арнап, ерекше шара өткізеді. «Екпе салудың ұзақ түні» деп аталатын акция аясында музыка шырқалып, ойын-сауық өтеді.