Ақмола облысындағы егіс алқабын киіктер табыны таптап жатыр

Ақмола облысының Егіндікөл ауылында биылғы егін бітік шықпауы мүмкін.

Неге десеңіз, ондағы егіс алқаптарын ақбөкендер таптап жатыр. Осылай деп дабыл қаққан диқандар шарасыздығын айтып шағымданды. Ал жаратылысы ерекше жануарды, ұстауға да, атуға да болмайтыны бесенеден белгілі.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Маңдай термен егін егіп не пайда, егер киік таптап, өнім түссе тым майда. Өтеуі бар ма, кімнен сұраймын, барам қайда? Қалыптасқан мына бір қиын жәйда. Диқандардың жан-айқайы білінеді осындайда.

Ақбөкендерді егіс алқаптарынан көлікпен немесе мотоциклмен үркітуден басқа амал жоқ. «Онда да жануар алысқа ұзамай бастапқы орнына қайта айналып келеді», - дейді шаруалар. Киесі бар киікті атуға болмайтыны тағы бар.

Бірақ бұған заң рұқсат бермейді. 2015 жылы дала жануарының жаппай қырылуынан кейін 2023 жылға дейін атуға мораторий енгізілген. Ал заңды белден басқандар ірі көлемде айыппұл төлейді. Тіпті 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қолы байланған диқандар енді не істерін білмей дал.

Жандос Бисенбаев, шаруа қожалығының қызметкері:

- Біз тек қуа аламыз. Қуғанда бұлар біздің егістіктен шығып, көрші егістікке барады. Ол жақтан қуады. Бізге қайтадан келеді. Сол бір айналым егістіктен егістікке.

Фермерлердің сөзіне сүйенсек, бұл мәселе Егіндікөл аулында 4 жыл бұрын басталған. Алайда ол кезде ақбөкен саны аз болғандықтан проблема қазіргідей қатты байқалмапты.

Нұржан Бисенбаев, шаруа қожалығының директоры:

- Аудандық, облыстық әкімдікке, Ауыл шаруашылығы министрлігіне барып шағымдандық, олар да шарасыз екенін айтты. 250 тонна астығымыздан айырылдық. Шығын көлемі қазіргі таңда 25 млн теңгеге жуықтайды. Бұл тек біздің фермамыздың шығыны. Басқа шаруа қожалықтарына қаншалықты залал келгенін өздері айта жатар.

Бірақ «Аңшылық-зоологиялық өнеркәсіп» қызметкерлерінің айтуынша, жабайы жануардың астыққа келтірер зияны шамалы.

Мұрат Әлиев, «Аңшылық-зоологиялық өнеркәсіп» РМҚК өндірістік бөлімінің инспекторы:

- Мұрындары шеміршек олардың. Мынау батады да, олар жүре алмайды. Мынаны жей алмайды. Түсіп жатыр дегендері миграция жасап жатқандары шығар. Ақбөкендердің өз жолдары бар. Мына жақта төлдейді де, сосын оңтүстікке қарай қайта өтеді.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қызметкерлері бұл мәселеден хабардар. Осыған байланысты жергілікті аңшылық шаруашылықтары, аумақтық инспекция және «Охотзоопром» инспекторлары бірлесіп, киіктер шоғырланған аумақтарды ұдайы шолып жүреді. Егіс алқаптарында жүргендерін бейтарап аумаққа айдауға жәрдемдеседі.

Аян Мейраш, ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы:

- Жалпы бұл мәселе министрліктің бақылауында. Ақмола облысының әкімдігіне де хат жолдап үлгердік комитет тарапынан. Киік Жер бетінде динозаврлар мекен еткен кезден бері мекен етеді. Қазақ даласында омыртқалы жануарлардың ең көне түрі. Енді шынтуайтына келгенде Жер киіктікі. Шаруалардыкі емес. Адамдыкі емес. Меншік иесі негізі киік.

Ерекше қорғалатын дала жануарының көбеюі шаруа қожалықтарын аянышты күйге түсіргені рас. «Бірақ экологиялық тұрғыда бұл қуанышты жағдай», - дейді Аян Мейраш. Соңғы санақ бойынша Қазақстан аумағында ақбөкендердің жалпы саны 840 мыңнан асады. Ең көбі Батыс Қазақстан облысындағы Орал популяциясы, 585 мың бас. Ең азы Маңғыстаудағы Үстірт популяциясы: небәрі 12 мың бас. Ал Ақмола мен Қарағанды облыстарында Бетпақдала популяциясы 300 мыңға жуықтайды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Наурызбай Құрманғазы