Түркістанда бабалар рухына 100 құран хатым дұғасы жасалды

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде бабалар рухына 100 құран хатым дұғасы жасалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Игі іс-шараға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев, елімізге танымал қарилар мен облыс, аудандардың бас имамдары қатысты. Олар еліміздің игілігі мен болашағы үшін құрбан болған батырларымыз бен хан-сұлтандарымыздың, талай нәубетті замандарда репрессияға ұшыраған ата-бабаларымыздың рухына қасиетті құран аяттарын бағыштап, жарылқау тіледі. Сонымен қатар тәуелсіз еліміздің ертеңі, халқымыздың бірлігі мен амандығы үшін дұға жасады.

Наурызбай Қажы Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы:

– Біз қазақ халқы әрқашан ата-бабаның әруағын сыйлаған, оларға дұға тілеген, салиқалы бабалардың ұрпағымыз. Сондықтан бүгін ұрпақтық парызымызды орындау мақсатында республикалық 10-шы құран қарилардың жарысының алдында бұл жерде 100 хатым құран оқылып, құрбан болған барша ата-бабаларымыздың әруағына құран сауаптары бағышталды. Алла Тағала қабыл етсін.