Қазақстанда заңсыз пайда тапқан шенеуніктердің табысы тексерілетін болады

Қазақстанда аяқ астынан байып, шалқып өмір сүру енді мүмкін болмайды. Өйткені азаматтардың заңсыз пайда тапқаны бірізді мәліметтер жүйесінен тайға таңба басқандай көрінбек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тиісті заңға бірқатар өзгеріс енгізуді көздеп отыр. Бұл туралы агенттік төрағасының шетелдік елшілерімен өткен басқосуында айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Егер заң бекісе, мұндай бақылау жүйесі 2026 жылға дейін толық іске қосылмақ. Сол жүйе арқылы шенеуніктер және оларға теңестірілген азаматтардың табысы мен шығыны толық бақыланады. қаржылық шығын шенеуніктің декларацияланған табыс көлемінен күрт артса, мол пайданың қайдан келгенін айтуы тиіс. Оның заңсыз жолмен тапқаны анықталса, онда шенеунікке мансаптық санкция салынады. Яғни, 3 жылға дейін мемлекеттік қызметтен шеттетілуі мүмкін.

Олжас Бектенов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары:

– Егер мемлекеттік қызметші салық органдарына тиісті құжаттарын көрсетіп, кірістерінің заңды екенін дәлелдей алса, онда ешқандай сұрақтар туындамайды. Ал егер дәлелдей алмаса, егер де қандай да бір құжаттары болмаса, онда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Асып кеткен соммасының 90 пайызы бюджетке аударылады.

Сондай-ақ бармақ басты, көз қысты әрекеттерді хабарлаған адамдар қорғауға алынбақ. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңға енгізілетін өзгерістің тағы бір парасы. Біріншіден, жемқорлыққа қатысты қылмыс жөнінде жеткізген жанның жеке тұлғасы құпия сақталуы тиіс. Екіншіден, мұндай деректі хабарлаған адам басшылық тарапынан қысымға ұшырауы бек мүмкін. Алда-жалда қызметкер жұмыстан қуылар болса, онда не себепті шығарылатынын ұжымдық орган отырыста дәлелдейді. Оған міндетті түрде агенттік өкілі шақырылады.

Олжас Бектенов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары:

– Біздің өкіліміз осы ұжымдық органның қабылдаған шешімі заңды әрі объективті болуын қадағалайды. Егер де қандай да бір заң бұзушылық немесе қысым көрсету фактілері болса, еңбек инспекциясына, прокуратураға жүгінеміз. Және осы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамды қорғауға тырысамыз.

Жалпы, заңсыз әрекетті хабарлайтын жандарға сыйақы мөлшерін ұлғайту қарастырылған. Оның көлемі параның белгілі бір проценттік мөлшерін құрайтын болады. Яғни, Қазақстанда бұл сомма 11 млн-ға дейін жетуі мүмкін. Биыл бұл мақсатқа бюджеттен 30 млн теңге бөлінген екен. Жыл басынан бері 20 адам ынталандыру сыйақысын алған. Заң қабылданса, хабарлаушы жандардың қатары да артады. Елшілермен кездесуде агенттік төрағасы Марат Ахметжанов осыған үмітті екенін жеткізді.

Андре Карстенс, Нидерланд корольдігінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Оның командасымен бірге Қазақстандағы парақорлыққа қатысты халықтың пікірі мен ділін өзгертуге деген ұмтылысы ұнады. Өз басым соған қуандым. Әрине, бұл мақсатқа бірден қол жеткізу мүмкін емес. Бұған кешенді шара қолданылуы керек. Сондықтан біз де бұл бағытта қол ұшымызды созуға дайынбыз.

Онлайн әрі оффлайн түрде өткен жиында қоғам белсенділері сауал қойып, ортаға ұсыныс тастауға мүмкіндік алды. Мәселен, азаматтық альянс мүшелері жер-жердегі жемқорлыққа қарсы күресуге әзір екенін білдірді. 

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ерлан Наурызбаев