Ақтөбеде жем-шөп дақылы көлемін 2023 жылға дейін ұлғайту бағдарламасы әзірленді

Бұл осы бағытқа берілетін субсидияны көбейтуге және мал азығын әзірлеуге қажетті ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға мүмкіндік беретін бағдарлама, деп хабарлайды «Хабар 24». ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Семинар «Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы саласын дамытудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында өтті. Бұл іс-шара алдыңғы қатарлы технологиялардың көмегімен ауыл шаруашылығы саласын дамыту және өнімділігін арттыруға арналған алаңына айналды.

«Бүгін біздің алдымызда ауыл шаруашылығы саласын заманауи талаптарға сай әрі қарай дамыту бойынша бірқатар міндет тұр. Олардың қатарында осы саланың мемлекеттік қолдау шараларын тиімді жүзеге асыру талабы бар. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өнім сапасы мен өнімділік көлемін көтеруге, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді»,- деді семинарды ашқан облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Айта кетейік, биыл Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау мақсатында 23,7 млрд теңге субсидия бөлінсе, оның 13,3 млрд теңгесі асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, 7 млрд теңге мал азығын дайындауға берілді. Бұдан бөлек, биыл ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуды ынталандыру үшін жергілікті бюджет есебінен осы мақсаттарды субсидиялау көлемі 25%-тен 35%-ке дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде жыл басынан бері ірі қара мал басы 9,9%, жылқы 14% өсті. 270 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Дегенмен биылғы қолайсыз ауа райы тұрақты мал азығы базасын жасаудың маңызын көрсетті. Соған байланысты Ақтөбе облысында жем-шөп дақылының көлемін 2023 жылға дейін ұлғайту бағдарламасы әзірленіп жатыр. Сөйтіп субсидияны көбейтуге және мал азығын әзірлеуге қажетті ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға мүмкіндік бермек.