«Астана Балет» сахнасында «Щелкунчик» спектаклі көрсетіледі

11-12 ақпанда «Астана Балет» театрында Василий Вайнонен редакциясындағы Петр Чайковскийдің «Щелкунчик» ертегі-балетінің дәстүрлі көрсетілімі өтеді.

Астаналық театр әртістері жас көрермендер мен олардың ата-аналарына арнап, маэстро Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтетін ғажайып спектакльді тарту етеді.

Ресей халық әртісі Алтынай Асылмұратова қойған ертегі балетке «Астана Балет» театрының әртістері ғана емес, Қазақ ұлттық хореография академиясының оқушылары да қатысады. Алғаш тұсауы кесілген сәттен бастап, бұл балет қаламыздың мәдени тынысындағы зор құбылысқа айналды.

Гофманның «Щелкунчик пен тышқан королі» ертегісінің желісімен қойылған әйгілі спектакльді ересектер де, балалар да ыстық ықыласпен қабылдайды. Махаббат пен достықты жыр еткен туындыда жақсылық салтанат құрып, бәрі сәтті аяқталады. Дегенмен, бас кейіпкерлер үшін біршама алаңдауыңызға да тура келеді.

П.Чайковскийдің ғажайып, терең мағыналы музыкасы ойнаған бойда сахнада нағыз сиқыр орын алады: мейірім, жақсылық пен үміт сәулесі тұтанған мерекелік көңіл-күй, ортада жарқ-жұрқ еткен шырша, жан бітіп, тірілген қуыршақтар...

Әр күні басты партияларды орындайтындар: Машенька – Назерке Аймұхаметова мен Қаламқас Орынбасарова, Щелкунчик – Сүндет Сұлтанов пен Айдан Қалжан.

«Щелкунчик» балеті талғампаз көрерменді ғана емес, жалпы, балет өнерін алғаш көрген жандарды да таң-тамаша қалдырары сөзсіз, себебі, мұнда бәрі бар: әдемі сценография, романтикалық кейіпкерлер, әсем костюмдер мен мінсіз хореография.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.