Еңбек қатынасын реттеуге кәсіподақ та мүдделі болмақ

Жұмыстағы жанжалдарды шешуге кәсіподақ ұйымдарын қатыстыру заңдастырылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов қазір арнайы заң жобасы әзірленіп жатқанын айтты. Министрлік жергілікті әкімдіктерге 2800 кәсіпорынның тізімін жіберіп, кәсіподақтармен бірге ондағы жалақы мәселесін шешуді міндеттеді. Былтыр 3 млн азаматтың еңбекақысы 160 мың теңгеге де жетпейтіні анықталған. Кәсіпорындар жұмысшыларға 901 млн теңге берешек. Еңбек қатынастарын реттеуден бөлек елде маман жетіспеушілігі мен жұмыссыздық мәселесі қатарласып келеді. Министрліктің кеңейтілген алқа отырысында Серік Шәпкенов жұмыс ресурсын ұлттық жоспарлау жүйесі қайта қаралатынын жеткізді. Оның маңызы зор. Қазір елде көшу субсидиясы екі есе артқан, дегенмен шығыс және солтүстік өңірлердегі маман тапшылығы мәселесі түбегейлі шешілген жоқ.