Гүл екі есе қымбаттауы мүмкін

Мереке қарсаңында гүлдің қымбаттайтыны белгілі. Себебі олардың дені шетелден әкелінеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ орайын тапқандар қазір отандық гүл өсіру бизнесін қолға алған. Қарағандылық кәсіпкер осылайша нарықтағы бағаны тұрақтандыруды көздеп отыр. Өзіне де пайда.

Мереке алдындағы қарбалас. Гүл шоқтарының бағасы да әр түрлі. Әркім қалтасына қарай көсіледі. Бұл Ақбердиевтер жанұясының отбасылық кәсібі. Жылыжайда 8 наурызға арнайы қызғалдақтардың түр-түрін өсіреді екен. Көтерме бағасы 300-400 теңге шамасында болса, дүкендерінде әр данасы 600 теңгеден сатылатынын айтады.

Рамиз Ақбердиев, жылыжай қызметкері:

– Алдағы уақытта бұл безнесті одан әрмен кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Өз тауарымызбен ішкі нарықты жаулап алғымыз келеді. Сонда бағасы да арзан болар еді. Алып-сатарлар бағаны өсіріп жіберетіні болмаса, жалпы гүлдің бағасы сондай қымбат емес дер едім.

Ал мына бір дүкендер желісінің қожайыны гүлді Нидерландтан алдырады. Аса ірі көлемде әкелгендіктен алып-сатарлардың қызметіне жүгінбейді. Сонда да қазіргі сұранысқа сай олар да бағаны қымбаттатып жіберген көрінеді. Оның үстіне логистиканың құны да күрт қымбаттаған. Теңгенің еуроға шаққандағы құнсыздануы тағы бар.

Сүндет Қайроллапов, дүкендер желісінің жетекшісі:

– Экномикалық тұрғыда көп ешетеңе өзгермегені түсінікті, бәрі теңгенің долларға шаққандағы бағамына байланысты. Осыған қарамастан бағаны шамадан тыс қымбаттатпауға тырысамыз. Біздің дүкендер желісі көп болғандықтан, баға да тұрақты. Бірақ шағын дүкендер бізден алып, өз бағасын қосып сатады. Бағаны тым өсіріп жіберетін де солар.

Ер азаматтар болса жылына бір келетін мерекеде гүлдің қымбаттайтынына үйренген сияқты. Бірақ оны  басқа  сыйлықтармен алмастырғандар да бар екен.

БЛИЦ:

- Бір жүз теңгеге қымбаттаған, қатты өспеген.

- Гүлді екі-ақ рет сыйладым, анашыма, екіншісі әйеліме. Басқа уақытта гүл сыйлаған емеспін. Биыл бірақ сыйламаймын.

Сұраныс артқан жерде бағаның да өсетіні заңдылық. Негізі көктемнің символы қызғалдақ болғанымен, қазір раушан гүлдерінің бағасы көз ілестірмес жылдамдықпен өсіпті. Қазір орташа санаттағы раушан гүлдерінің әр данасы 1 500 теңгеден асып жығылады. Ал нақты 8 наурыз күні флористердің бір байып қалатыны жасырын емес. Сондықтан нақты бағаның қандай боларын ешкім дөп басып айта алмайды.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев