Түркістанда Конституцияға енгізілетін өзгерістер түсіндірілді

Түркістан қаласында референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі республикалық штабтың ұйымдастыруымен өңіраралық көшпелі кездесу өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының аудандық, қалалық депутаттары қатысты. Сондай-ақ жиынға Қоғамдық кеңестер мен Ардагерлер ұйымдарының өкілдері, кәсіпкерлер, жастар өзге де жұртшылық келген. Басқосуда республикалық штаб мүшелері халыққа Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың негізгі бағыттары мен мән-маңызын түсіндірді. Бүгінде Референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі республикалық штаб республика көлемінде ақпараттық-насихаттық жұмыстарды белсенді жүргізіп келеді.

Бақтықожа Ізмұхаммедов, референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі республикалық штабының мүшесі:

– Бұрын тек қана партия атынан сайланатын еді депутаттар, енді аймақтардың өздері дауыс беріп, депутаттарды сайлайды. Ал енді осы аймақтардың өздері дауыс беріп сайлаған депутаттары белгілі бір уақыттан кейін халыққа берген уәдесін орындамаса, халықтың ойынан шықпаса, кері қайтарып алуға құқығы бар. Осындай көп өзгерістер бар. Кониституциядағы өзгерістердің ең үлкен мәні – бұл әділеттілік.