БҚО-да арматура зауыты ашылды

Қазақстандық «Merlion Develoment Group» компаниясы мен италиялық «Petrolvalves S.P.A» компаниясы өзара келісімшарт негізінде «Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық» қолдауыменен жаңа «Petrolvalves Kazakhstan» серіктестігінің іргесін қалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоба аясында Ақсай қаласында арматура зауыты ашылып отыр. Өндіріс орнында мұнай-газ саласына басым бағыт берілген.

Жаңа зауытта аймақтағы кен орындарына қажетті тауарлар өндірілетін болды. Бұл өз кезегінде жабдықтардың ішкі нарықта қолжетімділігін арттырып, экономикаға да оң септігін тигізбек. Қос компания арасындағы келісімшартқа сәйкес, өндіріс барысы 2 кезеңнен тұрады. Алғашқысы шетелде, кейінгісі өңірде жүргізіледі.

Динар Хамиев, «Petrolvalves kazakhstan» ЖШС бас директоры:

- Жоғары технологиялық тетіктер, тетіктік арматуралар немесе клапанды движка дегендей, соны өңдегіміз келіп тұр. Оған қоса соларды жөндеу жұмыстарын жасаймыз. Бірінші этапта алғашында құрастырамыз. Содан әрмендеп бөлшектерін жасап бастаймыз. Кейін 2-кезеңге келген кезде толықтай осы жерде барлық құрамын жасап,  толық дайындау.

Тортелли Криштиану, «PETROLVALVES S.P.A» компаниясының бас директоры:

- Бүгін біз үшін ерекше күн. Бұл серіктестік ілкімді істерге жетелейді. Өндіріс орны мұнай-газ саласын дамытуға үлес қосары анық.

Үшжылдық даму жоспары негізінде өндіріс қуаты да кезең-кезеңімен артып отырады. Алғашында жылына 500 клапан құрастырылса, кейін 3 мыңға дейін жеткізу көзделген. Сәйкесінше тұрақты жұмыс орындарын да көбейту міндеті тұр. Шетелдік компания қазақстандық кадрлардың тәжірибесін жетілдіруге күш салады.

Мержан Өтегенов, зауыт операторы:

- Бұрын Атырау және Орал қаласында жұмыс істеп келгенмін. Осында жұмысқа шақырды. Келіп, бәрін көріп жатырмыз. Бәрі жақсы. Жұмыс басталуда.

Динар Хамиев, «Petrolvalves Kazakhstan» ЖШС бас директоры:

Кадрлардың барлығы осы жақта. Жабдықтарды жүргізетін, білетін мамандар біздің жергілікті адамдарымызға үйретуге келіп тұрады. Одан қоса өзіміздің адамдар ол жаққа барып келу керек.

Серіктестік алдағы уақытта аймақтағы ғана емес, елдегі өзге де жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындармен байланыс орнатпақ. Зауыттың ашылу салтанаты соңында-ақ мұнай-газ өндіру операторларымен меморандумға қол қойылды.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов