Қарағанды тұрғындары 10 жылдан бері жарықсыз отыр

Қарағандының қақ ортасында 70-ке жуық үйде жарық жоқ. Әлі күнге майшаммен отыр десе болады. Қолы жеткені генератор арқылы тоқ алып, жарық қосады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күнгей шағын ауданында проблема бұл ғана емес. Тұрғындар басқасын қойып, тек осы ток көзін тартып берсе дейді. Бағынан соры басым Қарағандының Күнгейінің басынан қашанда дау арылмайды. Бұл жолы ауданның жартысына жуығы, атап айтқанда 70-ке жуық үй күні-бүгінге дейін электр тогынсыз отырмыз деп бас көтерді. Іргесі сонау 90-шы жылдары бой көтерген Күнгейдің бұл тұрғындары күні-бүгінге дейін 90-шы жылдарда қалып қойғандай әсер қалдырады.

Ажар Мұхаммедқалиева, қала тұрғыны:

– Жерде жатқан кабель арқылы тоқ алып отырмыз. Ал ол өз жаққанын емес, одан көбірек алады расы керек. 10 жыл болды тұрып жатқаныма, сол бір тоқ мәселесімен әлі жүрміз.шаршадық. Баратын жер қалмаған сияқты. Маған десең прокуратураға бар, не істесең, оны істе дейді. Не істей аласың бізге дейді, ал!?

Бұл Талғат Қазкеннің салып жатқан үйі. 5 баласы бар оның кенжесіне не бары 3 ай болған. Тағы екеуін мектептің даярлық тобына дайындап жатыр. Өркениет игілігінен қағылып отырған ол ертең балаларының сабақты қалай оқитынын білмейді.

Талғат Қазкен, қала тұрғыны:

– Тұрып жатырмыз, міне, осындай жағдайда. Свет болмаған соң қиындау бізге. Жарық болса, жақсы болар еді. Өз күшімізбен, көршілер көмектесіп, генератор тартып тіршілік жасап тырысып жатырмыз.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

Не бары 200 метрде тұрған Күнгейдің арғы бетіндегі тұрғындар қазір жоғары жылдамдықты интернеттен өзге өркениеттің бар қызығын көріп отыр. Ал бергі жағы қаншама бағандар тұрса да ең болмаса, электр қуаты да тартылмаған дейді. Салдарынан мынандай меншікті генератор көмегіне жүгінеді. Бұл тәулігіне 4-5 сағаттан артық жұмыс істемеуі тиіс. Және 1 сағатқа кемі 3 литр бензин кетеді. Бұлда қарапайым тұрғындар үшін қалтаға айтарлықтай салмақ салады.

Ал жауапты мамандар болса қазір аталған жобаға, яғни 70 үйге электр қуатын тартуға 608 млн теңге қаржы бөлінгенін айтады. Бұл жұмыс келер жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

Мұрат Камалиев, қалалық құрылыс басқармасының басшысы:

– Бұл жоба 2021 жылы басталған. Бұл жоба жұмысын жалғасып, 70 үй қосылды. Сосын жоба тоқтады. Енді түзету енгізген соң ендігі жылы жоба толық бітеді.

Атап өткен жөн, Күнгей ауданының іргесі осыдан 20-жылға жуық уақыт бұрын қаланған. Кейін ол Күнгей-1, Күнгей-2, Күнгей-3 деп бөлінді. Аталған мәселенің барлығы осы Күнгей 3-те болып жатыр. Жауаптылар келер жылы ауданның бұл бөлігінде жарықтан бөлек жол мен кәріз мәселесін де шешеміз деп сендірді.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар