Қарағандыда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

Қарағандыда ауыл шаруашылығы өнімдерінің алғашқы жәрмеңкесі өтіп, өңірдегі 7 ауданның еңбеккерлері өз өнімдерін ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ең бастысы, халық тұтынатын азық-түліктің барлығы базар бағасынан 10-15% арзанға сатылды. Жәрмеңкені жұрт, жылда асыға күтеді. Ауылдың қазы-қартасын, құрт майын аңсаған қалалықтар бұл күні қысқы азығын қамдап, қарық болады. Себебі баға төмен. Айталық, сиыр етінің келісі 2000 теңгеден, сары май 4000 теңгеден, ал картоп 100 теңгеден сатылды. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жәрмеңкеге 50 тонна ет, 340 тонна картоп, 100 тонна көкөніс, 170 мың дана жұмыртқа және тағы басқа өнімдер жеткізілген. Барлығы 560 тонна, шамамен 250 млн теңгенің өнімі.

Сырым Бошпанов, облыстық Ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Жаңа технологияны пайдаланудың арқасында жақсы, жоғары өнім алуда. Биыл құрғақшылыққа қарамай, 9,5 центнерден 885 тоннадан артық дәнді-дақылдар жиналды. Картоп өнімдерін жылдағыдан артық алып отыр. Көкөністердің де биылғы жылы түсімі жақсы.