«Өзенмұнайгаз» компаниясының кәсіподақ ұйымының өкілдері «ҚазМұнайГаз» басшысымен кездесті

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы кәсіподақ ұйымдарымен байланыстарын нығайтуда.

Осы мақсатта ұлттық компания басшылығы «Өзенмұнайгаз» компаниясына қарасты кәсіподақ ұйымдарының басшылары мен белсенділерін арнайы шақыртып, кәсіби біліктілікті арттыруға бағытталған тренинг-семинар өткізді. Кездесуде еңбек және тәртіп өнімділігін арттыруға қатысты мәселелер қозғалды. Жаңаөзен халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша ұсыныс-пікірлер де талқыға түсті. Алдағы уақытта мұндай шараны Ұлттық компанияға қарасты барлық өңірлердегі кәсіподақ өкілдерімен тұрақты түрде өткізу жоспарланған, дейді «Қазмұнайгаз» өкілдері.

Ек күндік тренинг-семинар Ақмола облысының Зеренді демалыс орнында өтті. «Бүгінгі кездесуіміз ұлттық компания басшылығы мен жұмысшылары арасындағы байланысты нығайтады. Өзара сенімділік пен ашықтыққа негізделген қарым-қатынасымызды одан әрі бекітері сөзсіз» - деді Мағзұм Мырзағалиев. 

Мағзұм Мырзағалиев, "Қазмұнайгаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы:

- Біздің басты байлығымыз мұнай емес, ол біздің адамдарымыз. Мұнайды қыс демей, жаз демей өндіріп, өңдеп, түрлі өнімдерін шығарып бізге жеткізетін қарапайым қызметкеріміз. Сондықтан олардың әлеуметтік жағдайын, кәсіптік деңгейін арттыру, білімін тереңдету, басын біріктіріп ауызбіршілігін арттыру да біздің міндетіміз. Бетпе-бет кездесіп, тікелей диалог құрып арада бар мәселелерді ашық талқылап жатырмыз. Алдағы уақытта мұндай жиналыстар тұрақты түрде өткізілетін болады.

Семинарға «Өзенмұнайгаз» компаниясының, мұнай-газ өндіру және сервис бойынша құрылым басшылары мен кәсіподақ ұйымдарының мүшелері, бас-аяғы 10 мың адам қатысты. «ҚазМұнайгаз» ұлттық компаниясына қарасты мұнай сервис ұйымдарының көшбасшылары және «Қазақгазөңдеу» зауытынан кәсіподақ ұйымының төрағасы да келді. 

Әлібек Сәрсенов, "Өзенмұнайгаз" жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы" ҚБ өкілі:

- Осындай тренингке бірінші рет қатысуым. Деңгейі өте жоғары болды. Өзімізге жақсы ақпараттар алдық. Алдағы уақытта қалай, қандай бағытта жұмыс жасау керек екендігін көрдік. Жалпы Жаңаөзен қаласына жақсы жаңалықтар бар екен, соны тыңдадық. Өте қуанштымыз, осындай бағытта жұмыс жасалып жатқанына.

Тренинг соңында қатысушылар жаңаөзендік 50 оқушы білім алып жатқан «High School of Burabay» мектеп-интернатына барды. Балалар жерлестерін қуана қарсы алып, оқудан алған әсерімен бөлісті. Биыл «Өзенмұнайгаз» бастамасымен «Жарқын болашақ» атты жоба жүзеге асқан еді. Оған «ҚазМұнайГаз» және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қолдау білдірді.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев