Екібастұздағы апат – жылдар бойы шешімін таппаған мәселе

Екібастұзда коммуналдық желілердегі апат салдарынан үш шағын аудан жылусыз отыр.

Ресми мәлімет бойынша қазіргі уақытта жүздеген көп қабатты және жекеменшік үй жылу жүйесінен ажыратылған. Оқиға орнында салалық министрлік, энергия таратушы ұйым мен жергілікті атқарушы орган өкілдерінен құрылған жедел штаб жұмыс атқарып жатыр.

Екібастұздықтар әр қысты үрейлене күтеді. Халықтың қорқынышы орынды. Жылу тарату қазандығы мен коммуналдық желілердің жағдайы нашар. Бұл жылдар бойы шешімін таппаған мәселе.

Ольга Воробьёва, қала тұрғыны:

- Таңертең үйдегі батареялар жылу болған. Қазір пәтеріміз суып кетті. Үйде не жылу, не ыстық су жоқ. Жарық қана бар. Жылытқыштарды қосып отырмыз.

Екібастұз шаһарында 370 шақырымдық жылу желісі бар. Инфрақұрылымның 70%-і әбден тозған. Қираудың шақ алдында қалған құбырлардың бір бөлігі жыл сайын жөнделеді. Десе де, бұл аздық етеді. Бұның дәлелі - бүгінгі жағдай.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Коммуналдық апат салдарынан Екібастұз қаласында 150-ге жуық көп қабатты және 100-ден астам жекеменшік үй жылусыз қалған. Қазіргі уақытта жылу желілеріндегі апат орындары анықталып жатыр. Мамандардың айтуынша, 20-дан астам олқылық анықталған. Жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Желілердегі ақаулардың салдарынан жылу орталығындағы төрт қазандық істен шығып, жылу параметрлері төмендеді. Резервтегі екі агрегат іске қосылды.

Жандос Нұрмағанбетов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

- Жұмыс тобы құрылды. Бірнеше рет облыс әкімдігі, орынбасарлары мен, Павлодарнерго басшыларымен, министрлік,  қадағалау комитеттері бірнеше рет кездестік. Бұл жерде көптен жиналған пробема ғой, бір күнде шешу жолын таба алмай мызғымас ғой. Біз проверка жасаған кезде де, құбырлардың жағдайы өте нашар. Соны қазір нәтижесінде көріп отырмыз. Енді бұл жерде кінәліні табу емес, жалпы тез арада орындау. Тез арада құбырлары апатты жойып, циркуляциялағы жүйедегі температураны ретке келтіріп, тапсыру.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, әлеуметтік нысандардағы жағдай тұрақты. Күндіз қиын жағдайға тап болған балалар орталығының 36 тәрбиеленушісі Павлодар қаласындағы мектеп-интернатына жеткізілді. Жағдай ушығып кетсе, ауруханаларда жатқан  науқастарды көшіруге мүмкіндік бар. Нақтырақ айтқанда, облыс орталығы мен Ақсу қаласында 300-ден астам төсек-орын дайын. 

Әбілқайыр Сқақов, облыс әкімі:

- Біз осы жағдайды қолға алып отырмыз. Бірақ енді айтып отырмыз ғой, бүгінгі күні суды тұтыну, подпитка дейміз, ол азайды. Ең бастысы, су желілерде қай жерде порыв болған жерлерді біз анықтап, жөндедік. Бір қаланың ортасында Мәшһүр Жүсіп көшесінің бойында бір үлкен азаттық жөнделмеген, анықталатын жер бар деп отырмыз. 

Қазіргі уақытта оқиға орындарында 15 бригада жұмыс істеп жатыр. Тағы төрт бригада жаңа ақау орындарын анықтап жатыр. Мамандардың айтуынша, жылу температурасы ақаулардың барлығы жойылған кезде ғана реттеледі. Материал әзірленіп жатқанда «жылу қазандығындағы жағдай тұрақталды» деген ақпарат келді. Қазіргі уақытта 10 қазандықтың бесеуі жұмысқа қосылды.

Ақмарал Есимханова және Жеңіс Темірболат