Елімізде қысқы дөңгелексіз жүргендерге айыппұл салынады

Жазғы дөңгелекпен жүрген автокөлік иелеріне айыппұл салынады. Жаңа ереже бүгіннен бастап күшіне енеді, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Яғни жол полициясы жүргізушілерден қысқы дөңгелектің болуын алдағы үш ай бойы талап етеді. Ал оны орындамаса, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 15 мың теңге айыппұл төлейді. Көлік тізгіндегендер ескертуді елеп жүр ме? Қысы жылы оңтүстік өңірлерде жағдай қалай? 

Жамбыл облысында алғашқы аяз бірер күн бұрын түсті. Қаладағы техникалық қызмет көрсету орталықтарында қарбалас басталды. Жалпы аймақ жүргізушілері қысқы маусымға әзірлікті қар жауғанда ғана бастайтыны жасырын емес.

Әбдірәсіл Оспанов, жүргізуші:

- Осыған дейін жер қара болды. Онша мұз болмады. Бүгін таңертең тайғанақ болды. Жүре алмаған соң, ауыстырып жатырмыз. Өзім таксидемін. Ең маңыздысы - дөңгелек. Қауіпсіздік үшін қажет.

Шымкенттік автокөлік иелері техникалық орталықтарға енді ғана ағыла бастаған. Өйткені күнгей өңірде жылы ауа райы ұзақ сақталады. Сондықтан сала өкілдері бұл қалыпты құбылыс екенін айтады. Дегенмен бұл жауапкершіліктен құтқармайды. Полиция қызметкерлері өткен маусымда 3 мың 500-ден астам автокөлік иесіне әкімшілік айыппұл салған.

Ұлықбек Мылтықов,  қалалық ПД жергілікті полиция басқарамасының бастығы:

- Автокөліктің дөңгелектері стандартқа сәйкес жаздыгүні 1,6, қыстыгүні 4 мм болуы керек. Ол сәйкес келмейтін болса әкімшілік құқық бұзушылыққа тартылады. Бірақ осы бағыт бойынша күнделікті рейдтік шара өткізіп, автокөліктің дөңгелектерін тексеру деген бұйрық болған жоқ. 

Қазіргі таңда қызылордалық жол сақшылары түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жеңіл көліктер мен жүк көліктерге қысқы немесе барлық маусымға арналған дөңгелектердің кейбір түрімен ғана жолға шығуына рұқсат беріледі. Мамандар да маусымдық шинаны салуға кеңес береді. Ол түрлі жол апатының алдын алуға көмектеседі, - дейді.

Әділет Жолдасбеков, дөңгелек орталығының менеджері:

- Бізде жылы жақ болғаннан кейін, бізде қар түскенде ғана елдің барлығы келеді. Айта кетерлігі, асфальт салқындап түскеннен кейін, жазғы дөңгелектермен машинаны басқара алмай қалады. Сондықтан ауаның температурасы +7 градусқа түскен кезде ауыстыру керек. Қыстық дөңгелек әрине, көлікті жақсы тоқтатады.

Полицейлер қыс айларында жазғы доңғалақпен жүретіндер жол апатына жиі түсетінін айтады. Ережені елемегендерге 15 315 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынады. Жыл ішінде ережені қайталап бұзған азаматтың ақшалай жазасы еселеп артады.